Қазақстандық теңіз порттары арқылы жүк тасымалдау көлемі екі есеге артты

Қазақстандық теңіз порттары арқылы жүк тасымалдау көлемі екі есеге артты
Сурет: Qazaqtv.com

Республика шет мемлекеттерге астық, көмір, мұнай өнімдерін, тыңайтқыштар, химиялық және басқа да заттарды экспорттайды.

Қазақстандық теңіз порттары арқылы жүк тасымалдау көлемі екі есеге артты. Мәселен, үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында Ақтау айлағы арқылы бір миллион 200 мың тоннадан астам жүк тасымалданған, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Qazaqtv.com сайтына сілтеме жасап. 

Порт жыл бойы барлық түрдегі кемелерді қабылдайды. Мұндағы ашық қоймаларда 2,5 мың контейнер сақтауға болады.

"Біз "Транскаспий халықаралық көлік бағыты" қауымдастығын құрдық. Оған осы процеске қатысушылардың барлығы кіреді. Әрине, осы бағыттың тар тұстарын кеңейтеміз. Біз цифрландыру, кедендік рәсімдерді жеңілдету, жеделдетілген процестер арқылы өткізу қабілетін 20 процентке дейін арттыра аламыз", - деді Ақтау Халықаралық теңіз сауда портының президенті Абай Түрікпенбаев.

Ал Құрық портымен елімізге көлік, азық-түлік, өнеркәсіптік құрал-жабдықтар, құрылыс материалдары импортталады. Транзитпен электроника, тоқыма, металл бұйымдары әкелінеді. Мұндағы инфрақұрылым автомобиль және теміржол айлақтарынан тұрады. Соңғысының қуаттылығы жылына 4 миллион тоннаға жетеді. Екі айлақ бір мезетте төрт паромға қызмет көрсете алады. Жүктер «бір терезе» қағидаты бойынша өңделеді.

Серік Ахметов, Құрық портының Бас директоры:

– Өткен айда тасымал көлемін үш есеге арттырдық. Бұл автокөлік пен вагон саны үш есе көп деген сөз, нәтижесінде үш есе көп жүк өңделді. Түркияның бүкіл логистикасы автокөліктерге негізделген. Сондықтан біз де еурофураларға арнап дәліз құруға назар аудардық.

Көптеген халықаралық дәліздердің тағы бір құрамдас бөлігі Каспий теңізінің шығыс жағалауында орналасқан. Ақтау солтүстік терминалынан жүктер негізінен Иран, Ресей және Әзірбайжан бағыттарына жөнелтіледі.