Қазақстандық спортшылардың формасы Қытай халқының назарын аударды

Қазақстандық спортшылардың формасы Қытай халқының назарын аударды
Сурет: Olympic.kz

Бұдан бұрын Бейжің ұлттық стадионында Қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты өткенін хабарлағанбыз.

Құраманың олимпиадалық экипировкасын дайындауға бір жылдан аса уақыт кетті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Қазақстанның Мемлекеттік Туымен шыққан қазақстандық спортшылардың киген киімі Қытай халқының назарын аударды.

Ту ұстаушы ретінде қазақтың мәдени элементтеріне бай киім киген қос қазақстандық спортшыны қытайлық желі қолданушылары weibo вебсайтында (Қытайдың Twitter және Facebook-ке еліктеп жасаған әлеуметтік желісі-ред.) көптеп қошеметтеп жатты.

Көптеген қытайлықтар Қысқы Олимпиада ойындарындағы қазақтың ту ұстаушы киімін өткен жылы Токио Олимпиадасы кезіндегі қазақтың ту ұстаушысының киімімен салыстырып, «Қазақстан киім дизайны жағынан көптеген елдерден әлдеқайда жақсы екен» дейді.

Желіде тағы бір Қытай азаматы «Менің анама қазақ спортшыларының киімдері қатты ұнайды. Мен де дәл сол киімді алғым келеді» деп жазды. Айта кетерлігі, олимпиада командасына арналған спорт формасын қазақстандық ZIBROO компаниясы шығарды.

Шеруге арналған коллекцияны ресейлік дизайнер, SHISHKIN брендінің негізін қалаушы Дмитрий Шишкин дайындаған. Қазақстан құрамасының олимпиадалық экипировкасын дайындауға бір жылдан аса уақыт кетті. Киімді дайындау процесіне атлеттердің өздері қатысты. Олар форманың дизайны, сапасы мен функционалына қатысты өз ұсыныстарын білдірген.