Қазақстандық фотосуретші халықаралық байқауларды бағындыруда

Қазақстандық фотосуретші халықаралық байқауларды бағындыруда
Сурет: Qazaqtv.com

Халықаралық фотошараларда қазақстандық фотосуретшінің еңбектері үлкен сұранысқа ие.

Александр Власюктің қайталанбас сәттерді қалт жібермей сақтап қалу қамында қолға алған сүйікті ісі. Әуестігін өмірлік хоббиге айналдырған отандық фотосуретші - бірқатар беделді байқаулардың жеңімпазы. Жақында «Kazakhstan Diagamma 2022» сынында шеберлік байқасқан 260-қа жуық қатысушының алдын орап, топ жарды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Qazaqtv.com-ға сілтеме жасап.

Бұл аз десеңіз, Халықаралық фотосурет өнерінің федерациясы және америкалық фотосурет қоғамның белді шарасында оның «Балқаш», «Жағажай маусымы» және «Совенок Грей» жұмыстары екі алтын алқа қанжығалап, құрмет лентасы тағылды.  

"Мен 14 сурет жібердім. Олардың ішінен 12 жұмысым іріктеліп, үшеуі марапатқа ие болды. Бұл тек өзіңнің бабыңды сынап, өзге қатысушылармен шеберлік алмасу үшін қажет болды. Өйткені, ол жерде әлемнің әр жерінен келген еңбектер қойылды. Өзімді танытып, бағалау үшін қатыстым", - дейді фотосуретші Александр Власюк.   

Александр қоршаған ортаның ерекшелігін суретке түсіруді ұнатады. Ол үшін ел аралап, табиғат аясында саяхатқа жиі шығып тұрады. Оның айтуынша, фотоның сәтті шығуы ауа райы мен табиғи жарыққа тікелей қатысты. Бір жердің өзі табиғаттың тылсым мінезіне байланысты әр кез өзге қырынан танылады, дейді ол. 

Өз ісінің хас шебері ізін басқан дарынды жас фотосуретшілер көп екенін айтады. Сиқырлы фото әлеміне енді аяқ басқандарға қателіктерге мойымай сабақ алып, біліктілікті шыңдаудан талмау керек деген кеңес береді.