Алматы құтқарушылары шомылу кезінде қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды

Алматы құтқарушылары шомылу кезінде қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды
Сурет: Gov.kz

Судағы қауіпсіздік қағидаларының негізгі талаптарын сақтау қажет.

Қаладағы Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары шомылу кезінде қауіпсіздік шараларын сақтау керектігін айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Жаздың жылы күндерінің басталуымен оңтүстік астанада қаланың су айдындарында демалғысы келетін қала тұрғындарының саны айтарлықтай өсуде. Дәл осы кезеңде суда адамдардың қаза болуымен байланысты қайғылы жағдайлардың саны көп тіркеледі. Тәжірибе көрсеткендей, көптеген жағдайларда азаматтар мас күйінде шомылудан, жабдықталмаған және рұқсат етілмеген жерлерде шомылу кезінде, сондай-ақ балалардың өзендердің жанында қараусыз, ересектердің қарауынсыз қалуына байланысты қайтыс болады»,- делінген ТЖД баспасөз қызметінің хабарламасында.

Сол себептен мамандар сақтық шараларды естен шығармауға шақырды. Демалыс орындарында су айдынында болған кезде судағы қауіпсіздік қағидаларының негізгі талаптарын сақтау қажет. Жол берілмейді:

- суда алкогольдік және есірткілік мас күйінде шомылуға;

- қайықтардан, катерлерден, айлақтардан, сондай-ақ осы мақсаттарға бейімделмеген заттардан суға секіруге;

- тексерілмеген және жабдықталмаған жерлерде сүңгу;

- техникалық және ескерту белгілеріне, буйкаларға көтерілу;

- балаларға ересектердің қарауынсыз суға кіруге және т. б.

Мамандардың айтуынша, шомылу маусымы кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету және ескерту мақсатында Әуезов ауданы ТЖ Басқармасының «Сайран» көлінің батыс жағалауында аудан әкімдігімен бірлесіп «Жазғы кезеңде су айдындарында өзін-өзі ұстау ережелері» сілтемесіне QR коды бар ақпараттық стенд және «Жүзуге тыйым салынады» тақтайшасы орнатылды.

Жұмыс шомылу маусымы бойы жалғасатын болады.