Қазақстандағы перинаталдық орталықтар гипотермия аппараттарымен жабдықталды

Қазақстандағы перинаталдық орталықтар гипотермия аппараттарымен жабдықталды
Сурет: Egemen.kz

Бұл бастама 235 нәрестені ажалдан құтқарып қалды.

Қазақстандағы перинаталдық орталықтардың үштен бірі гипотермия аппараттарымен жабдықталды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Egemen.kz cілтеме жасап.

«Ayala» қайырымдылық қоры 5 жыл бойы «Басқарылатын гипотермия» жобасын табандылықпен жүргізіп келе жатқанының арқасында еліміздегі 14 перинаталдық орталық құны 300 миллион теңгені құрайтын автоматты гипотермияға арналған заманауи жабдықтарға қол жеткізді

Осылайша 2017-2022 жылдар аралығында бұл бастама 235 нәрестені ажалдан құтқарып, мәңгілік мүгедек болудан сақтап қалды.

Терапиялық гипотермия сәби өмірге келген алғашқы сағаттарда қолданылуы қажет. Аппарат жаңа туған нәрестенің дене қызуын автоматты түрде 34 градусқа дейін төмендетеді де, 72 сағат бойы оны қажетті деңгейде ұстайды, содан кейін баланы біртіндеп жылытады. Тек осы ғана бала ағзасындағы метаболизмді өзгертуге, миды глюкозамен қамтамасыз ете отырып, орталық жүйке жүйесінің жасушаларын қайтымсыз зақымданулардан қорғауға мүмкіндік береді. Гипотермия аппаратымен бірге жүретін амплитудалық электроэнцефалография мониторы дәрігерлерге қолданылатын терапияны бақылауға және тиімділігін көтеруге көмектеседі.

Қарап отырсақ, сәбилер өлім-жітімінің 60 пайыздан астамын жаңа туған нәрестелер құрайды. Басты себептерінің бірі – босану кезіндегі тұншығу, қысылудан болатын орталық жүйке жүйесінің зақымдануы. Яғни, нәресте өмірге келіп жатқан кезде мидың гипоксиялық-ишемиялық зақымдануы ми жасушаларының өлтіретін патологиялық процестер каскадын іске қосады. Мұның салдары – кем дегенде ауыр мүгедектікке душар етіп, одан да қайғылысы сәбиді құтқарып қалу мүмкін емес еді.