Қазақстанда жылыту маусымына дайындық қалай

Қазақстанда жылыту маусымына дайындық қалай
сурет: Inform.kz

Индустрия және инфрақұрылым

Жаңа жылыту кезеңіне бюджеттік ұйымдар мен тұрғындар үшін 9,6 млн тонна көмір беру жоспарланған. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Индустриялық даму комитетінің төрағасы Ілияс Оспанов айтып берді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.

«Коммуналдық-тұрмыстық сектор мен халық үшін негізгі көмір өндірушілер – Шұбаркөл мен Қаражыра болып отыр. Биылғы 7 айда халыққа және бюджеттік ұйымдарға 4,5 млн тонна көмір тиелген, бұл өткен жылғы кезеңнен 10%-ға көбірек. Өткен жылы ауа райының ерте салқындауынан кей өңірлерде көмір сатып алуға үлкен кезек болғаны белгілі, бұл халықтың дүрлігуіне себеп болды. Биыл оған жол бермеу керек», - деді Ілияс Оспанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Спикердің айтуынша, өңірлер, соның ішінде тұрғындардың өзі көмір қорын уақытылы сатып алмағаны анықталды. Екінші себеп – сұраныстың шамадан тыс көбейіп, жүктеменің артуы.

«Келесі жылыту кезеңіне (2022-2023 жылдар) халықты көмірмен алдын ала қамтамасыз етуге дайындық биылғы наурыз айында, өткен жылыту маусымынан кейін басталды. Барлық тұрғындарды суық түскенше көмір қорын сатып алуға кеңес беремін», - деді Ілияс Оспанов.

Министрлік алдағы жылыту кезеңіне бюджеттік ұйымдар мен тұрғындар үшін көмір қажеттілігі жоспарын құрған.

«Осы жоспарға сәйкес шамамен 9,6 млн тонна көмір тұтынылады, оның ішінде коммуналдық-тұрмыстық секторға – 2,6 млн тонна, тұрғындарға – 7 млн тонна көмір қарастырылған. Тұрғындардан басқа, бюджеттік ұйымдар мен стратегиялық нысандар да сол көмірді пайдаланатынын ескеру қажет», - деді комитет төрағасы.