Қазақстанда ұшу қауіпсіздігі жоғары деңгейде

Қазақстанда ұшу қауіпсіздігі жоғары деңгейде
Сурет: Sn.kz

Қазақстандық әуе компаниялары Еуроодақтың қара тізіміне кірмеді

Қазақстанда ұшу қауіпсіздігі жоғары деңгейде. Халықаралық азаматтық авиация ұйымының мамандары оны 84% бағалады. Бұл әлемдегі орташа көрсеткіштен 15% жоғары, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 

«Пандемия өз түзетулерін енгізді. Бірақ қазір шектеулер біртіндеп жеңілдеп жатыр. Қазақстан арқылы өтетін жаңа бағыттардың дамитынына сенеміз», - дейді ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев.

Еске сала кетейік, қазақстандық әуе компаниялары Еуроодақтың қара тізімінде жоқ. Еліміздегі ұшу қауіпсіздігі деңгейінің одан әрі артуына Еурокомиссияның мобильдік және көлік департаменті арасындағы ынтымақтастығы өз септігін тигізді.

«Арнайы азаматтық әкімшілік құрылып, бірнеше жыл ішінде жақсы нәтиже көрсете алды. Еурокомиссия мүшелері оң бағасын беріп отыр. Былтыр Еуропа азаматтық авиация конференциясының мүшесі атандық. Соған сәйкес, Еуроодақ қазақстандық авиакомпанияларға шектеу шараларын қолданбауы тиіс», - дейді  ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев.

Азаматтық авиация комитеті төрағасының айтуынша, еліміздің 12 әуежайында «ашық аспан тәртібін» енгізу керек. Әуе айлақтары тек тікелей рейстерге ғана емес, мәселен, Жапония немесе Оңтүстік-Шығыс Азияға Қазақстан арқылы өтетін транзиттік сапарлар үшін де жарамды болуы тиіс. Яғни ұшу қауіпсіздігінің жоғары стандарттарына сай болу керек. Ал ол үшін еуропалық серіктестермен тәжірибе алмасу өз септігін тигізері сөзсіз.