Қазақстанда өңір әкімдіктеріне 25 қосымша өкілеттік беріледі

Қазақстанда өңір әкімдіктеріне 25 қосымша өкілеттік беріледі
Сурет:Kp.kz

Агломерацияны дамытудың кешенді жоспарын әзірлеуге қатысады.

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Агломерацияларды дамыту туралы» Заңы мен ілеспе құжат қабылданды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Ірі қалаларда халық саны мен жер аумағының өсуі тұрғысында бірқатар проблема байқалып отыр. Осы орайда инфрақұрылымның барлық түрлеріне жүктеменің артуы, қаланың шет аймақтарында ретсіз құрылыс салынуы, егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларының дұрыс іске аспауы, ыңғайлы көлік жүйесінің болмауы, сондай-ақ инфрақұрылымдық, әлеуметтік, өнеркәсіптік және тағы басқа нысандардың тапшылығы сияқты тағы басқа да проблемалар бар. Аумақтардың тиісті деңгейде үйлестірілмей дамуының негізгі себептерінің бірі – агломерациялардың дамуын реттейтін нормативтік құқықтық базаның болмауы. Осы орайда, орталық қала мен оның маңындағы аймақ арасындағы функцияларды заңнамалық тұрғыдан бөлу қажет», - деді Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.

Оның айтуынша, осы саланы реттейтін заң жобаларын әзірлеу үшін Мемлекет басшысының бірқатар тапсырмасы негіз болды. Президент 2021 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында «Агломерацияларды дамыту туралы» Заңды әзірлеуді тапсырды. Бұл тұрғыда үздік халықаралық тәжірибені қолдана отырып, министрлік тиісті заң жобаларын әзірледі.

«Негізгі заң жобасы аясында «агломерация» терминінің анықтамасы және агломерацияларды анықтайтын тиісті критерийлер енгізіледі. Агломерация құрамын уәкілетті орган, яғни Ұлттық экономика министрлігі қалыптастыратын болады және ол Үкіметтің қаулысымен бекітіледі. Сонымен бірге, елді мекендерді агломерациялардың құрамына енгізу және олардың тізбесін жүргізу қағидалары министрліктің бұйрығымен бекітілетін болады. Осы орайда, агломерацияларды айқындаудың негізгі критерийлері ретінде мыналар танылады: орталық қаланың әкімшілік мәртебесі, демографиялық сыйымдылық, логистикалық әлеует, экономикалық әлеует. Заң жобасы қабылданғаннан кейін, осы өлшемшарттарға сәйкес, «агломерациялар» ретінде Алматы, Астана, Шымкент, сондай-ақ басқа да облыс орталықтары айқындалады», - деді ведомство басшысы.

Негізгі және ілеспе заң жобалары аясында өңірлердің әкімдіктеріне 25 қосымша өкілеттік берілмек. Негізгі заң жобасы бойынша 11 өкілеттік, ал ілеспе заң жобасы тұрғысында 14 өкілеттік ескерілген.

«Негізгі заң жобасына сәйкес орталық қала мен іргелес облыстардың әкімдіктері агломерация аумағындағы жергілікті маңызы бар мәселелерді бірлесіп шешуге, тиісті келісімді дайындауға және оған қол қоюға қатысатын болады. Сондай-ақ әкімдіктер Жергілікті агломерация кеңесін құруға және оның қызметіне, агломерацияны дамытудың кешенді жоспарын әзірлеуге қатысады. Бұдан басқа, орталық қалалардың жергілікті атқарушы органдары қала маңы аймағын дамытудың Бас жоспарын іске асыру бойынша субъектілердің қызметін үйлестіреді, Бас жоспардың жобасын әзірлеуді ұйымдастырады, сондай-ақ сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы мемлекеттік нормативтердің жобаларына келісім береді», - деп нақтылады министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, кейінгі 10 жыл ішінде Астана қаласының халқы 59 пайызға, Алматы қаласының халқы 37 пайызға, Шымкент қаласының халқы 67 пайызға өсті. Астана елорда болғалы жер аумағы жағынан 3 есе кеңейді, Алматы қаласының аумағы кейінгі он жылда 2,5 есе, ал Шымкенттің аумағы 3,5 есе өсті.