Қазақстанда қолөнершілер форумы өтеді

Қазақстанда қолөнершілер форумы өтеді
Сурет: El.kz

Қазақстанның туристік картасын байыта түсуге қолөнершілердің қосар үлесі мол. Әсем табиғат, деңгейлі инфрақұрылым, жоғары сервис - бұл туристерді тартудың негізі десек, ал оны толықтырып, ерекшелендіретін - қолөнершілердің ұлттық нақышта жасаған өнімдері. 

«Kazakh Tourism» компаниясы соңғы бірнеше жылда отандық шеберлердің мәселесін тыңғылықты зерттеп келеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Qazaqtv.com сайтына сілтеме жасап.

Соның ішінде маңыздыларының бірі – қолөнершілікті отандық туризмге тиімді кірістіру. Осы және өзге де мәселелерді шеберлермен талқылау мақсатында ұлттық компания биыл барлық өңірдегі қолөнершілердің басын қосып үлкен форум өткізуді жоспарлап отыр. Келешекте шараны дәстүрге айналдыру көзделген.

«Қолөнершілердің мәселесі өз алдына бөлек үлкен бір мәселе. Біздің өткен жылдары өткізген зерттеуіміз бойынша мәселелер де көп. Оны талқылап, зерделеу үшін, Алматыда күзде үлкен қолөнершілер форумын ұйымдастырмақпыз. Сол жерде біз тапқан проблемаларды қалай шешу керек және осы қолөнер саласын басқа креативті салалармен қалай біріктіріп, туризмге қалай пайдасын тигізеді - сол туралы айтатын боламыз», - дейді «Kazakh Tourism»ҰҚ» АК басқарушы директоры Даниел Сержанұлы.