Қазақстанда «Батыл тойтарыс – 2022» әскери жаттығу жүріп жатыр

Қазақстанда «Батыл тойтарыс – 2022» әскери жаттығу жүріп жатыр
Сурет: Gov.kz

Бұл шара әскерлердің жабдықтау жұмысының тиімділігін айтарлықтай арттырады. 

Қазақстан әскерилері арнайы ұйымдастырылған «Батыл тойтарыс – 2022» атты оқу-жаттығуға қатысып жатыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

««Батыл тойтарыс – 2022» кешенді ведомствоаралық стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуы шеңберінде бөлімшелер әскерлерді үздіксіз және уақтылы қамтамасыз ету тапсырмаларын орындайды», -  делінген Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінің хабарламасында. 

Оқу-жаттығудың барлық кезеңінде тылдық және техникалық қамтамасыз ету шаралары өткізіледі. Марш барысында қажетті техникалық көмек көрсетіліп, аялдамаларда техникаға жағармай құю жүзеге асады. 

Белгіленген аудандарға жеткен соң далалық жағдайда жеке құрамға оқ-дәрілерді жеткізу, қару-жарақ пен әскери техниканы жауынгерлік қолдануға дайындау, тамақтандыру және монша-кір жуу қызметтерін көрсету ұйымдастырылды. 

Оңтүстік өңірде тәулігіне 5 тонна нан пісіретін механикаландырылған далалық нан зауыты жұмысқа кірісті. 

Далалық оқ-дәрі қоймалары, жанармай құю бекеттері ашылып, зақымдалған машиналарды эвакуациялау құралдары мен жөндейтін шеберханалары бар қосымша пункттер құрылды. 

Әскери қызметшілерге медициналық көмек көрсетуге қажетті элементтері бар далалық госпитальдер мен лазареттерге орналастырылды.  

Тылдық және техникалық қамтамасыз ету – қызметтің маңызды бағыттарының бірі екенін әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр. Онсыз жауынгерлік іс-қимылдарда табысқа жету мүмкін емес. Ведомствоаралық оқу-жаттығу шеңберінде Ұлттық ұланның, Шекара қызметінің қолбасшылығымен, Төтенше жағдайлар министрлігінің басшылығымен, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен тығыз өзара іс-қимыл ұйымдастырылды. Бұл әскерлердің жабдықтау жұмысының тиімділігін айтарлықтай арттырады. 

«Батыл тойтарыс – 2022» кешенді ведомствоаралық стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығу Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың күштік құрылымдар арасындағы тиімді үйлестіруді қамтамасыз ету, олардың жедел және әскери-техникалық үйлесімділігін жолға қою, сондай-ақ ведомствоаралық үйлестіруді күшейту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында өткізілетінін естеріңізге сала кетейік.