Қазақстан ұлттық мүддесін қорғауға бағытталған конструктивті сыртқы саясатын жалғастырады

Қазақстан ұлттық мүддесін қорғауға бағытталған конструктивті сыртқы саясатын жалғастырады
akorda.kz

Қазақстан өз ұлттық мүддесін қорғауға бағытталған теңгерімді және конструктивті сыртқы саясатын жүзеге асыруды жалғастырады. Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты ұлықтау рәсімінде айтты, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Қазақстан өз ұлттық мүддесін қорғауға бағытталған теңгерімді және конструктивті сыртқы саясатын жүзеге асыруды жалғастырады. Ресеймен, Қытаймен және Орталық Азиядағы бауырлас мемлекеттермен, интеграциялық бірлестіктер жөніндегі серіктестермен арадағы өзара тиімді ынтымақтастық пен стратегиялық әріптестік мәселелері басты назарда болады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

ҚР Президенті басқа мемлекеттермен де еліміз көпжақты ынтымақтастықты дамытатындығын баса айтты.

«АҚШ-пен, Еуропалық Одақпен, Азия, Таяу Шығыс және Кавказ мемлекеттерімен, сондай-ақ басқа мүдделі елдердің барлығымен көпжақты ынтымақтастықты дамыту үшін бар күш-жігерімізді жұмсаймыз. Қазақстан қазіргі халықаралық құқық пен БҰҰ Жарғысын берік ұстанатын ел болып қала береді», - деді Мемлекет басшысы.