Қазақстан – Вьетнам арасында тікелей әуе рейсі ашылды

Қазақстан – Вьетнам арасында тікелей әуе рейсі ашылды
Сурет: Ашық дереккөз

Осы қазаннан бастап Алматыдан Вьетнамның Нячанг қаласына алғашқы әуе рейсі ұшады

Ендігі уақытта қазақстандықтар Вьетнамға тікелей ұша алады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Астанада Қазақстан мен Вьетнам арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толуына орай салтанатты іс-шара өтті.

Аталған шара барысында екі ел арасында тікелей әуе рейсінің ресми ашылуы өтті.
Осы қазаннан бастап Алматыдан Вьетнамның Нячанг қаласына алғашқы әуе рейсі ұшады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, ұшақ аптасына екі рет қатынайды және ұшу уақыты 9 сағаттан асады.

«Алдымен барша қонаққа қош келдіңіздер деймін. Биыл Қазақстан мен Вьетнам мемлекеті арасында ресми қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толып отыр. Бүгінгі шара Вьетнам Социалистік Республикасының вице-президенті Во Тхи Ань Суан ханымның Қазақстанға сапары аясында ұйымдастырылып отыр», - деді ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Әділ Тұрсынов.

Қазақстан мен Вьетнам арасында қатынайтын «Vietjet» әуе компаниясы біздің елден бөлек Үндістан, Жапония, Корея, Еуропа елдері және Аустралияны байланыстырады.

«Тікелей әуе рейсі Қазақстан және Орталық Азия елдерін Вьетнаммен байланыстырып экономика, сауда және туризм саласындағы бірлескен жобалардың дамуына ықпал етеді деп санаймын. Vietjet әуе компаниясы саяхаттаушы, жұмыс бабымен, оқу және басқа да себептерпен ұшатын клиенттерді тамаша қызметпен қамтамасыз етеді», - дейді «Vietjet» әуе компаниясының вице-президенті, директорлар кеңесінің мүшесі Чу Вьет Куонг.