Қазақстан Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобына кірді

Қазақстан Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобына кірді
Сурет: Inform.kz

Еліміз үшін өте маңызды қадам.

Еуропа Кеңесі Қазақстанды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобына қосылуға шақырды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Олжас Бектенов ведомствоның алқа отырысында айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Еgemen.kz сілтеме жасап. 

«Шетелге заңсыз шығарылған қаражат пен мүлікті елге қайтару үшін халықаралық ынтымақтастықты күшейту керек. Таяуда Еуропа кеңесінен Қазақстанға еуропалық Сыбайлас жемқорлық үшін қылмыстық жауапкершілік туралы конвенцияға қосылу жөнінде ресми шақыру хаты келді. Енді конвенцияға қосылу үшін қажетті процедураларды қолға аламыз. Бұл конвенция шетелден коррупционерлер мен ұрланған активтерді қайтару жолындағы мүмкіндіктерімізді кеңейтеді», - деді ANTIKOR басшысы.

Оның айтуынша, Еуропа кеңесінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобының мүшесі болу - еліміз үшін өте маңызды қадам.

«ГРЕКО-ның толыққанды қатысушысы ретінде алғашқы мониторингтік раундтар шеңберінде бізге берілген 27 ұсынымын орындап жатырмыз. Еуропа стандарттарына сай болу үшін біз сот жүйесінің толыққанды тәуелсіздігін, тиісті қоғамдық бақылауды қамтамасыз етуге, деректерге қолжетімділікті кеңейте отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы органның мәртебесін күшейтуге тиіспіз. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып жатыр», - деді агенттік төрағасы.