Қазақстан мұнайы Әзербайжан арқылы тасымалданады

Қазақстан мұнайы Әзербайжан арқылы тасымалданады
almaty-akshamy.kz

Еліміздің Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың Әзербайжанға сапары көпшіліктің назарынан тыс қалды. Әйтсе де, бұл сапар Қазақстан үшін маңызды еді. Онда стратегиялық маңызды 10 құжатқа қол қойылды. Әсіресе, біздің мұнайды Әзербайжан территориясы арқылы тасымалдау мәселесін ерекше атап өткен жөн.

Мұнай тасымалына қатысты саяси шешім Әзербайжан президенті Ильхам Алиевтің елімізге жасаған ресми сапарында қабылданды. Осылайша мемлекет басшыла­ры елдерімізге маңызды стратегиялық шешімге келді. Оны жүзеге асыру үкіметке тапсырылды.

Әлихан Смайловтың ресми сапары ба­рысында «ҚазМұнайГаз» ұлттық компания­сы» АҚ мен Әзербайжанның Мемлекеттік мұнай компаниясы арасындағы Қазақстан мұнайын Әзербайжан Республикасының аумағы арқылы тасымалдау бойынша стра­тегиялық ынтымақтастық туралы меморан­думға қол қойылды. Болашақта келісімге Грузия тарапы қосылады деп күтілуде.

Бұл бағытта Транскаспий халықаралық көлік бағытының әлеуеті бар. Себебі, ресми ақпарат бойынша жыл басынан бері 1 млн тоннадан астам жүк тасымалданған. Яғни өткен жылмен салыстырғанда, 64%-ға та­сымал көлемі ұлғайған.

Транскаспий бағыты Қытай, Қазақстан, Әзербайжан, Грузия арқылы Түркияға өтіп, ары қарай Еуропаға алып баратын халықа­ралық транспорт дәлізі. Баку–Тбилиси– Карс теміржолы осы дәліздің бір бөлігі. Ұзақ уақыт бұл жобаға қызығушылық төмен болды. Алайда, өткен жылғы геосаяси және табиғи оқиғалар жобаға мемлекеттік деңгей­де қызығушылық оятты.

Балама жолды іздеуге табиғи апат себеп болды

Былтыр Ресей арқылы мұнайымызды тасымалдайтын Каспий құбыр консорциумы жұмысына қатысты дау пайда болды. 5 шіл­деде Приморск аудандық сотының үкімімен консорциумның жұмысы 30 күнге тоқтатыл­ды. Дегенмен, консорциум қарсы апелляция­лық шағым түсірді. Сөйтіп, 11 шілдеде Крас­ нодар аймақтық соты аудандық соттың үкімін әкімшілік айыппұлға ауыстырды.

Алайда, консорциумдағы дағдарыс бұ­лай басталмаған болатын. Наурыз айының соңында ауа райының қолайсыздығына бай­ланысты техникалық ақау орын алды. Табиғи апаттан материалдық-техникалық ақау пайда болды. Соның нәтижесінде елдің бюджеті біраз қаржыдан қағылды. Қаржы министрлігі апаттың шығыны 150 млрд теңгеге дейін жетуі мүмкін деп хабарлаған.

Көпвекторлы саясат экономиканы да қамтуы тиіс

Каспий құбыр консорциумы Қазақстан, Ресей және ірі әлемдік өндіруші компаниялар бірлескен ірі мұнай тасымалдайтын жоба. Ол арқылы Қазақстан қара алтынның үштен екі бөлігін тасымалдайды. Ал жалпы консор­циум арқылы тасымалданатын мұнайдың 80%-ы елімізге тиесілі. Сондықтан бұл жоба біз үшін маңызды.

Алайда, ешкім табиғи апаттан сақтанба­ған. Егер ол орын алса экономикалық шы­ғыннан бөлек, адам шығыны да болуы мүмкін. Сондықтан біздің көпвекторлы сыртқы саясатымыз экономика саласына да қолданылуы тиіс. Мұнай тасымалдайтын бағыттарымыз бірнеше болғаны тиімді. Алайда, Каспий құбыр консорциумы жоба­сынан толық бас тарта алмаймыз. Және де оның орнын толық басатын қазірге жоба жоқ. Себебі, Ресей территориясынан өтетін құ­быр арқылы жылына 67 млн тоннаға дейін мұнай тасымалданады.

Транскаспий бағыты бойынша Баку– Тбилиси–Джейхан құбыры және Баку–Тби­лиси–Карс теміржолы арқылы мұнай тасы­малданады. Теміржолдан гөрі құбыр арқылы тасымал анағұрлым тиімді. Сарапшылардың пікірі бойынша, теміржол арқылы жылына 12–15 мың тонна мұнай тасымалданады. Ал Баку–Тбилиси–Джейхан мұнай құбыры 62 млн тонна тасымалдай алады. Алайда, қазірдің өзінде тасымал көлемі 60 млн-ға жетіп отыр. Өткен жылы Энергетика министрлігі болашақта тасымал көлемін 6-6,5 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарда екенін мәлімдеген. Сондықтан осы жобаға мүдделі елдер тасымал көлемін арттыруда бір жаға­дан бас, бір жеңнен қол шығаруы тиіс. Ол үшін сырттан инвестиция тартылып, мате­риалдық әлеуетін арттыру қажет. Мұнда Қытайдың инвестициялық қуатын қолданған жөн. Әрі Қытай сияқты алпауыт елдің жобаға қосылуы жобаның саяси-экономикалық әлеуетін арттырады.

Бізге экономикамыздың өзге де салала­рына әртараптандыру саясаты қажет. Ол бюджет түсімінен бастап тауар тасымалына дейін жүзеге асқаны жөн.

«Аlmaty-akshamy», №82  11 шілде, 2023 жыл