Қазақстан Қытайға ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу әлеуетін кеңейтеді

Қазақстан Қытайға ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу әлеуетін кеңейтеді
Сурет: Inform.kz

Қазақстан ет және ет өнімдерін, сүт және сүт өнімдерін жеткізуді ұлғайтуға мүдделі.

Қытайдың үкіметі Шығыс Қазақстан облысының сапа инспекциясының зертханасына құны 11,15 млн юань болатын жабдықты тапсырады. Бұл ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен ҚХР Коммерция министрлігі арасында қол жеткізілген уағдаластықтың арқасында мүмкін болып отыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz АШМ сілтеме жасап.

ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында тиісті келісімге ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев пен ҚХР-дың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Чжан Сяо қол қойды.

ҚХР стандарттары бойынша аккредиттелген зертхана құру Қытайға отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын ұлғайтуға ықпал етеді. Бұдан басқа, Қазақстан терең қайта өңдеу тауарларын, жемшөп пен қоспаларын, ет және ет өнімдерін, сүт және сүт өнімдерін жеткізуді ұлғайтуға мүдделі.

Айта кетейік, 2022 жылдың 7 айының қорытындысы бойынша, АӨК саласындағы Қазақстан-Қытай тауар айналымы 46,7% артып, 412,5 млн долларды құрады.

Отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 62,2% - 280,4 млн долларға дейін өсті. Қытайдан импорт 22,2% ұлғайып, 132,1 млн долларды құрады.