Қазақстан Кітапханалар одағының мүшелері ел тұрғындарын референдумға қатысуға үндеді

Қазақстан Кітапханалар одағының мүшелері ел тұрғындарын референдумға қатысуға үндеді
Cурет: Almaty-akshamy.kz

Бүгін  ҚР Ұлттық кітапханасында Қазақстан Республикасының Президенті  Қ.Ж.Тоқаевтың «Еліміздің Ата Заңы – Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Жарлығына сәйкес Республикалық референдум өткізу туралы дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Шараға Кеңес мүшелері, республикалық, қалалық кітапханалар жүйесінің директорлары мен қызметкерлері және жоғарғы оқу орындары ғылыми кітапханаларының жетекшілері қатысты.

ҚР Ұлттық кітапханасының директоры, Қазақстандық Кітапханалық Одақтың төрағасы Бақытжамал Оспанова Қазақстан Республикасының Конституция-сына енгізілетін өзгерістерге тоқталып, оның бес мақсатын атап көрсетті.

«Конституциялық өзгерістің барлығы жалпыхалықтық референдум арқылы іске асады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл шешімі қазақстандықтардың мемлекеттік басқаруға тікелей қатысуының айқын дәлелі. Конституцияға енгізілген өзгерістер Жаңа Қазақстанды құрудың құқықтық негізін нығайтады», – деп атап өтті Қазақстан Кітапханалар одағының төрағасы.

Іс-шараның модераторы ҚР Ұлттық кітапханасының  ғылыми хатшысы Жүнісбеков Болат Жүнісбекұлы қатысушыларға сөз берді.

Сөз сөйлегендер: Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана директоры А.Қ. Байұзақов, ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті «Ғылым ордасы» орталық ғылыми кітапханасының директоры С.Ш.Исақанова, Қыздар ұлттық педагогикалық университеті ғылыми кітапханасының директоры Б.Т.Бағашарова, Алматы қаласы Жазушылар кітапханасының меңгерушісі Е.Ж.Ағайса және Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханасының қызметкері А.И.Алмабаева және т.б.
Отырыс соңында қатысушылар Республикалық референдум өткізуді бірауыздан қолдап, осы айтулы науқанға белсенді түрде атсалысатындарын жеткізді.