«Қазақстан халқына» қорының Алматыдағы жобалары

«Қазақстан халқына» қорының Алматыдағы жобалары
Суретті түсірген - Қ.Қоныспаев

Алматыда «Қазақстан халқына» қоры 11,9 млрд теңге көлеміндегі қайырымдылық жобаны жүзеге асыруда

Кеше Алматыда қала әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпованың, «Қазақстан халқына» қорының басқарма төрағасы Болат Жәмішевтің, қор төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаеваның және қоғамдық ұйымдар мен жергілікті атқарушы органдар өкілдерінің қатысуымен «Қазақстан халқына» қорының қызметі өңірлер үшін» атты «дөңгелек үстел» өтті.

Қор төрағасының айтуынша, бұл басқосу Ұлттық қайырымдылық бойынша II конференцияның аясында өңірдің қайырымдылық бағдарламалары мен жобаларын іске асыру жөніндегі бастамаларды талқылау мен айқындау мақсатында ұйымдастырылған. Болат Жәмішев жиында «Қазақстан халқына» қорының жүзеге асырған қайырымдылық бастамаларына кеңірек тоқталып, Алматыда іске асқан және жоспарланған жобаларды таныстырды.

«Қор қазақстандықтардың денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау, мәдениет және спорт салаларындағы негізгі мәселелерін шешуге бағытталған жалпы сомасы 146,5 млрд теңге болатын 40-тан астам қайырымдылық бағдарлама мен жобаны қаржыландырады. Сондай-ақ, төтенше жағдайлар кезінде зардап шеккен азаматтарға көмек көрсетеміз. Алматы қаласында жалпы сомасы 11 млрд 944 млн теңгеге 12 қайырымдылық жоба мен бағдарлама іске асырылуда. Бүгінгі таңда оның ішінде 4 млрд 26 млн теңгеден астам сомаға көмек көрсетілді, құны 7 млрд 918 млн теңге болатын жобаларды жүзеге асыру жоспарланған», – деп атап өтті Болат Жәмішев.

Денсаулық сақтау саласында Алматы қаласында жалпы сомасы 4,2 млрд теңгеге дәрі-дәрмек сатып алу жоспарланған, оның ішінде өмірге қауіп төндіретін және орфандық аурулары бар 33 пациент үшін жалпы сомасы 3,7 млрд теңгеге дәрі-дәрмек сатып алынды. Қосымша 489,3 млн теңге сомаға препарат сатып алу жоспарланған. Бір науқас РФ емдеуге жіберілді. Тамырлы патологиясы бар 4 балаға тегін медициналық көмек көрсетілді. Ал шұғыл түрде қасаң қабықты трансплантациялауға мұқтаж алматылық 15 пациентке көздің қасаң қабығы ауыстырылды.

Сондай-ақ, биыл қалада Ерте араласу орталығын ашу жоспарлануда. Орталықта нейро-ортопедиялық бұзылысы бар және 3 айдан 3 жасқа дейінгі балалар кешенді оңалту көмегін алатын болады.

Онкологиялық қызметті дамыту шеңберінде «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты» АҚ-ны жалпы сомасы 6,9 млрд теңгеге жабдықтармен жарақтандыру жоспарлануда. Балалар нейрохирургиялық қызметін дамыту мақсатында «Балалар шұғыл медициналық көмек орталығы», №2 Балалар қалалық клиникалық ауруханасы, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына жалпы көлемі 222,2 млн теңгеге жабдықтар жеткізу жоспарлануда.

Әлеуметтік қолдау саласында Қор Алматының 15 тұрғынына жалпы сомасы 133,2 млн теңгеге инновациялық протездер, ал тірек-қимыл аппараты бұзылған бір балаға құны 9 млн теңгеге экзоскелет сатып алды.

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған арнайы мектептерді жарақтандыру шеңберінде Алматыда орналасқан еліміздің барлық арнайы мектептерінің жұмысын үйлестіретін «Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың Ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» жарақтандырылды. Жалпы сомасы 210,2 млн теңгеге 7 қалалық арнайы мектепті жабдықтау жоспарланған.

Алматы қаласы бойынша Қордың білім беру гранттары бағдарламасы бойынша 35 ЖОО-да халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан 860 студент оқиды.

Сондай-ақ, Қор қайғылы қаңтар оқиғасы барысында зардап шеккен 684 адамға жалпы сомасы 2,5 млрд теңгеге қайырымдылық көмек көрсетті. Оның ішінде Алматы қаласы бойынша 247 зардап шеккен азаматқа қолдау көрсетілді.

Алматыда Қордың қолдауымен ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған «Жас жауынгер» бейімдеу спортының дене шынықтыру-сауықтыру клубы жұмыс істейді. 10 парапортсмен үшін спорттық-жүгіру протездері дайындалды, сондай-ақ мамыр айында қалада параатлеттерге арналған ҚР-дағы алғашқы жүгіру мектебі іске қосылды.

Кездесу қорытындысында Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова басты міндет қала тұрғындарының сапалы және қолжетімді қызметтерді алуда жаңа мүмкіндіктерге ие болуы үшін барлық жағдай жасау екенін атап өтті. Осыған байланысты қала әкімдігі денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қолдау саласындағы жаңа қайырымдылық жобаларды іске асыру үшін Қормен тығыз жұмыс істеуге әркез дайын.