Қазақстан қант экспортына тыйым салуы мүмкін

Қазақстан қант экспортына тыйым салуы мүмкін
Сурет: Inbusiness.kz

Қантқа қосымша қажеттілік шамамен 45 мың тоннаны құрайды.

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, әрбір қант зауытына логистикаға байланысты жекелеген өңірлерді қамту бекітілмек, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

«Қантқа қосымша қажеттілік шамамен 45 мың тоннаны құрайды, қажетті көлемдерді сатып алу мәселесі пысықталып жатыр. Бұл ретте, әрбір қант зауытына логистикаға байланысты жекелеген өңірлерді бекіту ұсынылады. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ӘКК-нің тұрақтандыру қорларына белгіленген бағамен қанттың қажетті көлемін кепілді сатып алу үшін зауыттармен форвардтық келісімшарттарды бекіту мәселесі қарастырылып жатыр», – деді ведомство басшысы.

Қазіргі уақытта министрлік 126 мың тонна қант пен құрақ қант шикізатын бажсыз әкелуге квота берді. 

«Квотаның қалған бөлігіне (124 мың тонна) өтінімдер қабылдауды жүзеге асырып жатыр, қант экспортына тыйым салуды енгізуге бастама жасалды, бажсыз қантты әкелуді квоталау жөніндегі НҚА-ға өзгерістер енгізілуде (халыққа тікелей сату мүмкіндігі). Бұл ретте қантты әкелуге рұқсат беру тәртібін енгізу, баға белгілеудің бүкіл тізбегі бойынша ақ қант пен шикі қантты импорттауға және өткізуге қосылған құн салығын нөлге келтіру, сондай-ақ зауыттарды толық жүктеу үшін егіс алаңдары мен қант қызылшасының жалпы көлемін ұлғайту ұсынылады», – деп атап өтті министр.