Қазақстан EuroSkills халықаралық чемпионатында үздік нәтиже көрсетті

Қазақстан EuroSkills халықаралық чемпионатында үздік нәтиже көрсетті
Сурет: Forbes.kz

Қазақстан ұлттық құрамасы EuroSkills чемпионатына қатысу тарихында үздік нәтиже көрсетіп, екі медаль және төрт «Үздік медальон» жеңіп алды.

Польшаның Гданьск қаласында өткен жарысқа әлемнің 32 елінен 25 жасқа дейінгі 600 мықты жас маман қатысты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Forbes.kz-ке сілтеме жасап.

EuroSkills Gdańsk 2023 сегізінші еуропалық чемпионатының үш конкурстық күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан ұлттық құрамасының мүшелері бір күміс және бір қола медаль жеңіп алды.

Руслан Юсупов «Веб-технологиялар» құзыреттілігінде «күміс»  иеленді, ал Андрей Степанюк пен Станислав Горицин «Желілік және жүйелік әкімшілендіру»  бойынша құрама қоржынын  қола медальмен толықтырды.

Сонымен қатар, Алуа Жарасбаева (Графикалық дизайн), Ерасыл Бақытжан (CAD инженерлік дизайны), Виталий Кайл (Плиткамен қаптау), Ернияз Құрманбеков және Аңсар Оразғалиев (мехатроника) «Үздік медальон» алды.

Қазақстан үшін бұл Еуропа чемпионатындағы үшінші медаль. 2021 жылы Павлодар колледжінің түлегі Дина Афанасьева «Веб-әзірлеу» бағыты бойынша жүлделі үшінші орынға ие болған еді.

Биыл жарыс Польшаның Гданьск қаласында 5-9 қыркүйек аралығында өтті. Ұлттық құраманың құрамына 28 қатысушы және 25 халықаралық сарапшы кірді. Қазақстандықтар 25 құзырет бойынша қатысты.

EuroSkills чемпионаты - бұл Еуропадағы кәсіптік білім беру және біліктілікті арттыру саласындағы маңызды іс-шара. 25 жасқа дейінгі адамдарға арналған ең ірі халықаралық кәсіби шеберлік жарыстары WorldSkills Europe қатысушы елдерінің бірінде екі жыл сайын өткізіледі.