Қазақ журналистикасының болашағы қандай?

Қазақ журналистикасының болашағы қандай?
Cурет: Almaty-akshamy.kz

Астанадағы «Қазмедиа» орталығында қазақ журналистикасының өткені, бүгіні және ертеңі талқыланған медиафорум ұйымдастырылды.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында бүгінгі БАҚ бәсекеге қабілетті әрі еркін болуы керектігін атап өткен еді. Осыған орай, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Өңірлік мерзімді басылымдар форумы» өтті.
Жиынға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, белгілі журналист Мақпал Жұмабай, Орталық коммуникациялар орталығының басшысы Асқар Омаров және журналистер, телеарна мамандары, медиа-менеджерлер, т.б. қатысты.

 «Қазмедиа» орталығында баспасөз, радио, телеарна мамандары бас қосып, өзекті мәселелер төңірегінде ой қозғады. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген қатысушылар қазақтілді журналистиканың ахуалына алаңдаушылық білдірді. Осы тарапта алда атқарылар ілкімді істерді жүзеге асыру, медианы оңтайландыру, қаржы көздерін молайту сынды ой-пікірлер айтылды.

Қазақ елінде журналистиканы қолдау үшін әртүрлі игі істер қолға алынып келеді. Жыл сайын «Тұмар», Astana Media Week байқаулары өткізіліп тұрады. Бұл үлкен қолдаудың бір парасы ғана. Осы жолғы іс-шара қазақша контент, аудитория, оқырман, таралым, ғаламтор тиімділігі, блогер статусы және т.б. мәселелерге арналды.

Алтай КӨЛГІНОВ, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
ЖУРНАЛИСТІҢ ЖАЙ-КҮЙІ ЕСКЕРІЛЕДІ

Қазақстан билігі журналистиканың жай-күйіне бейжай қарамайды. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жетерлік. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген еді. Осы сөздің мағынасы көп дүниені аңғартады. Біз өңірлердегі жағдайды білеміз. Ел арасында, облыс, қала, ауданда газет, журнал оқитын оқырмандар бар. Олардың кейбірінде арнайы ғимараты да болмаған тұстарын естіп, көріп жүрміз. Ол проблемалар да толғандырады. Биыл сәтін салса «МасМедиа» туралы заң қабылданады деп ойлаймыз. Бұл орайда, әсіресе, фейк ақпаратқа жол бермеу керек. 
Елімізде саяси-экономикалық, әлеуметтік форумдар, үлкен маңызға ие шаралар өтіп жатыр. Осы төңіректе жалпы елдік-ұлттық мүддеге ұйысып жұмыс істесек, абырой болар еді.

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:
САПАЛЫ МАМАН ҚАЖЕТ

Өңірлік газет-журналдардың бүгінгі хал-ахуалына назар аударылып келеді. Әсіресе, басылымдарды «Қазпошта» арқылы тез жеткізу, оқырманға тиімді етуді жалғастыра береміз. Арнайы меморандум да жасалды. Пандемия кезінде дәстүрлі БАҚ қиыншылыққа тап болды. Кейбір газеттердің сайты да жоқ екен. Тіпті корректор, әріп қатесін, сапасын қарайтын редакторлық басшылық керек. Газет соңғы оқырманы қалғанша шыға береді. Суреттер де сөйлеп, бір нәрсені меңзеп тұру керек. Ең негізгісі – қазіргі контент. Сайтта арнайы, сапалы, фактіге құрылған сын болғаны жөн. Жалпы, өзім «Егемен Қазақстан» республикалық басылымын басқарған тұста осындай 8 бастаманы іске асырған едік. 
Журналистердің әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында игі істерді қолға алу қажет. Өңірлік басылымда істейтін жас журналистер республикалық деңгейге шығуы қажет. Жаңа буынның идеясы, ұсынысы әр уақытта басты назарда. Алдыңғы аға буынмен тәжірибе алмасып, жас тілшілер кәсіби маманға айналғаны дұрыс. Балалар басылымдарын көтеру аса маңызды. Бұйырса, «Қазақ газеттерінде» жаңарулар орын алып жатыр. Оны да жаңғыртып, заманға сай етеміз. Өңірлік басылымдардың мәселелерін де ойластырып, талқылап, жарнама беру жағын қарастыру қажет. Болашақтағы басылымның ахуалын қазірден жасап, жемісін беретіндей етейік.

Нұртөре ЖҮСІП, ҚР Парламент Сенатының депутаты:
ТІЛШІ – ТІЛ ЖАНАШЫРЫ

Бұл жолғы іс-шараның маңызы жоғары. Заң да қабылданатын түрі бар. Кеңес кезеңінде газеттің қаламақы қоры болатын. Ал тұрақты жалақы бөлек еді. Тілшілерді тұншықтырып, редакцияда таңнан кешке дейін қамап ұстаудың қажеті жоқ. Қазір жылдам ақпарат дәуірі. Біздіңше, сүбелі сұхбат, өңірдің жағдайы туралы сапалы материал қажет. АҚШ-та New York Times газеті бүкіл әлемге үлгі болып отыр. Көбісі оған сілтеме жасайды. Үлгі алатын-ақ нәрсе.
Қазақ журналистикасының бәсі артуы үшін қаламақыны көбейтейік. Аз-кем қаржыға ешкім мардымды мақала бермейді. Жастарды қаржылай қолдау керек. Алдағы қабылданатын заңда қаламақыға қатысты ештеңе кезіктіре алмадым. Осы ретте заңға қаламақы пунктін ендірейік. Тағы бір дүние, ол – жалған ақпарат. Қазақстанда жасалып жатқан ауқымды шаралар жетерлік. Соны дәріптей білуіміз қажет. Өйткені, мемлекет баршамызға ортақ.
Жуырда мемлекет және қоғам қайраткері Амангелді Айталы ағамыздың осыдан біраз уақыт бұрын берген сұхбаты қайта басылды. Сонда өзекті ойлар, тұшымды пікірлер айтылған. Сол сияқты, кесек-кесек ойлар қай заманда да құнды болып қала бермек. 
Біз журналистика қауқарымен қазақ тілінің мәртебесін көтеруіміз керек. Қазақша ойлау, білу, жаңару жағын ойластырайық. Сонда қазақтілді аудиторияның ауқымды ісі болады.

Асқар ОМАРОВ, ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің басшысы:

ГАЗЕТТІҢ БОЛАШАҒЫ ЗОР

Өз кезеңінде интернет басылымының жетекшілігінде болдық. Сол кездегі ойларды, тәжірибені бөліскім келеді. Бірде Қызылорда облысының тілшісі жазған кептер туралы ақпарат берілді. Біз оны республикалық вебсайтқа жарияладық. Соған Араб медиясы және т.б. қызығушылық білдірді. Бізге шетелдік алпауыт сайттар сілтеме жасаған болатын. Бұл бір сәтте қызықты мәселе болып шыға келді. Үлгі аларлық-ақ нәрсе.
Журналистерді өңірлерде дайындау, олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру аса маңызды. Қазақтілді аудиторияның қатары артып барады. Бұл жағы қуантады. ХХ ғасырда газеттің болашағы бұлыңғыр деген болатын. Телевизия шыққанда, радио құриды деді. Бүгінгі күні газет, журнал, радио, телеарна иық тіресіп өмір сүріп келеді. Жаңа заманға сай вебсайттар тарала бастады. Демек, түгелдей газеттің болашағы жоқ деп айту әбестік.
Болашақ – біздің қолымызда. Сондықтан тілшілер қоғамның айнасы екенін ұмытпайық. Қазақ басылымдары өсіп-өне берсін!

Төлен ТІЛЕУБАЙ, Қазақстан Журналистер одағының және «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі:
ҒАЛАМДЫҚ ИНТЕГРАЦИЯНЫ ҮЙРЕНЕЙІК

Баспасөздің болашағына қатысты түрлі ойлар бар. Біздіңше, интернет пен басылымның интеграциясын қарау керек. Америка Құрама Штаттарында былтыр 15 газет жабылды. Былайша айтқанда, қағаз түріндегі версиясын тоқтатты. Ал бірақ Қытай, Үндістанда ахуал мүлдем басқа. Жағдайы жақсарған жандар газеттерге көптеп жазылады екен. Демек, оқуға деген қызығушылық артты деген сөз. Бізде де озық елдер тәжірибесін ескеріп, жаңашылдық жасаған абзал.
Қазіргі таңда біз жолайрықта тұрмыз. Баспасөздің болашағына алаңдаушылық білдіріп қоямыз. Ол жағы дұрыс. Алайда, құр сөзден көрі іске көшетін кез келді. Әйтпесе, газеттен айырылып қалуымыз мүмкін. Қанша дегенмен, дәстүрлі форматтың болғаны абзал. Әлі күнге дейін блогерлер статусы анықталмаған. Ресейде 2014 жылы «Блогерлер туралы» заң қабылданған. Бұл бар болғаны 3 жыл ғұмыр кешті. Одан кейін қайта алынып тасталды. Беларусь, Украина халі де осы тақылеттес. Бәрібір кәсіби журналистиканың жөн-жосығы бөлек. Арнайы білімі бар маман, шеберлер жазады. Оның жазғанын жауапты мамандар, басшылық сүзгіден өткізеді. Сұрыпталып, әбден сүзгі жасалған ақпарат халыққа оқуға ыңғайлы, түсінікті болады. Яғни асығыстыққа жол берілмейді. Осы реттен келгенде кәсіби маман ісі бәрібір көрініп тұрады.
Біз БАҚ-тың интернет кеңістікте ойып тұрып орын алғанын қалаймыз. Жаңа технологияларды қолдану ол – үлкен мүмкіндік дер едік.