Қазақ афоризмінің атасы

Қазақ афоризмінің атасы
egemen.kz

Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты Мұзафар Әлiмбайдың туғанына – 100 жыл

Мұзағаң туралы көп айтуға да, аз айтуға да болады. Көп айтуға болатыны шығармалары өте көп, шығармашылығы ауқымды. Бәрi де оқырманға жеткен, танылған және жүрегiнен орын алған. Аз айтуға болатыны халықтан, әдебиеттi сүйер жұртшылықтан өз бағасын әлдеқашан алған. Тарлан талантты дәрiптеудiң өзi артық. Дегенмен туғанына 100 жыл толып отырған, жетпіс жылдан астам уақыттан берi қолынан қаламы түспеген көрнектi қаламгер туралы жақ ашпау, жылы лебiз бiлдiрмеу әдептiлiкке де, әдiлеттiлiкке де жатпас едi.

Мұзағаң шығармашылығына жетпіс жылдан астам уақыт болды деп отырмыз. Нақтылақ айтсақ – 75 жыл. Дәлел келтiрейiк. Он алты жасар кезiнде жақын досы қатты ауырып, ауруханаға түседi. Дәрiгерлер ауыруын анықтаймыз деп жүргенде екi-үш күндi өткiзiп алады. Ауыруы асқынған досы қатты қиналады. Досының қиналғаны мұның да жанына батады. Дәрiгерлердiң дәрменсiздiгiне әрi селқостығына бозбала жiгiт: «Ебi жоқ дәрiгердiң емi де жоқ» деген екен. Бұл Мұзағаңның алғашқы афоризмi едi. Сол қалпы дос-жарандарының есiнде сақталыпты. Содан былай қарай өлең жазу, ретi келгенде, ұрымтал тұстарда ұтқыр сөздердi айтып салуды дағдыға айналдырған.

Мұзафар Әлiмбай балалалар мен бүлдiршiндерге арналған «Балдырған» журналының алғашқы редакторы болды. Жарты ғасырдан астам уақыт сол басылымды басқарып, балалардың сүйiктi журналына айналдырды. Ересектердiң өзi бұл журналды сүйсiнiп оқыды. Журнал несiмен сүйiктi болды? «Балдырған» балдырғандардың көңiлiн қалай тапты? Менiңше ең талғампаз оқырман – балалар. Олардың ойынан шығу, көңiлiн бұру тiптi де оңай шаруа емес. Көптеген жазушылардың балалар тақырыбына жаза бермейтiнi де сондықтан болса керек. Жеткiншектердi иландыру, белгiлi бiр мақсатқа көзiн жеткiзу қиынның қиыны. Керiсiнше, балалардың бiр қаламгерге көңiлi ауса, шығармаларын iздеп жүрiп оқитындары тағы бар. Есейгенде де сол жазушының немесе ақынның жазғандарын назардан тыс қалдырмайды. «Балдырған» мыңдаған бүлдiршiннiң қанатын қатайтты, талантын шыңдады. Сүрлеуi де, соқпағы да мол қиын өнер, бiрақ өмiршең өнер – қаламгерлiкке баулыды.

Мұзағаңның кезiнде «Балдырған» журналында өлең жазуға баулудың жаңа тәсiлi қалыптасқан болатын. Ол былай едi:

«Хлеб – нан,

Зверь – аң».

«Ночь – түн,

Солнце – күн».

«Девочка – қыз,

Соль – тұз» ...

Осылайша жалғасып кете беретiн. Журналдың әр санында үзiлмей берiлiп тұратын. Бұл әрi орысша тiл жаттықтыруға, әрi өлең құрастыруға өте-мөте қолайлы тәсiл едi. Бiз осы журналды оқып, осы тәсiлден үйренiп өстiк.

Мұзағаңның бойындағы көп керемет қасиеттерiнiң бiрi – iзденгiштiгi. Бұған қоса барынша еңбекқор. Жасы ұлғайғандығына қарамастан, қолынан қаламы бiр сәт түскен емес. өнiмдi жазады әрi сенiмдi жазады. Ержетіп өлең өлкесiне қанат қаққанда Мұзағаңа елiктеп бастап едiк. Талайлар-ақ сөйткен. Балалар ақыны болып қалмады. Мақал-мәтел жазумен, өзге елдердiң мақал-мәтелдерiн аударумен шектелмедi. Ересектерге де арнап жазатын болды. Қарттарға арналған қаншама кiтаптары бар. Жасыратыны жоқ, атасақалы аузына түскенiмен, бата берудi бiлмейтiн қариялар аз емес. Иегiнде сақалы болғанымен, аузында мақалы жоқ көккелерiмiз де жетiп жатыр. Мұзағаңның «Маржан сөз», «Нақылдар кiтабы», «Батаменен ел көгерер» деген кiтаптарын оқысын солар. Ол көптеген басылымдардың, соның iшiнде бiздiң «Алматы Ақшамының» тұрақты авторы әрi жанашыры болды. Авторы дейтiнiм, ай сайын газеттiң бiр бетiн алып маржан сөздерi – жаңа афоризмдерi, мақал-мәтелдерi шығып тұрды. Оқырман оны iздеп жүрiп оқиды. Бiзге телефон шалып, газеттiң сол санын сұрайтындар да бар. Ал жанашыры дегенге келетiн болсам, аптасына бiрер мәрте телефон шалып газетте жарияланған қайсыбiр материалдар төңiрегiнде пiкiрiн айтып отыратындығы. өзiнiң көңiлiнен шыққан, жанын толғандырған мақалаларды да, кей тұстары кемшiн түсiп жатқандарды да тiлге тиек етiп, пiкiрiн бүкпесiз бiлдiредi. Бағыт-бағдар бередi. Аталық кеңесiн аяп қалған емес. Пікiр бiлдiру, ақыл-кеңес айту кiм-кiм үшiн де оңай шаруа емес. Ол үшiн бiраз еңбектену қажет. Газеттiң әр санын жiбермей байыппен оқып шығу керек. Баспасөзге жаны ашыған адам ғана осылай жасайды.

Мұзафар Әлiмбай қарымды жазушы, алғыр ойлы ақын ғана емес, қазақ тiлiнiң жанашыры, әрi қорғаушысы да. Баспасөзде жарияланып кеткен кейбiр шикi, иi қанбаған сөздер үшiн шыр-пыр болып, авторына телефон шалып немесе баспасөзге хабарласып, әйтеуiр әбiгерге түсiп жүредi. Мұның өзi Мұзағаңның ана тiлiне деген адалдығы болса керек.

Соңғы уақытта маржан сөздердi жинаумен бiрге оларды өзi жазумен де айналысты. Бұрын әр елдiң маржан сөздерiн жинастырып, оларды қазақ тiлiне аударып, бiрнеше қайтара кiтап етiп те шығарды. Аударады дегеннен шығады, Мұзағаңның аудармашылығы өз алдына бiр сала. Шебер аударғандығы сонша, кейбiр мақал-мәтелдер бiздiң тiлiмiзге кiрiгiп, бiрiгiп кеткен. Қазақтың өз мақалы сияқты. Айталық, «Жұмыла көтерген жүк жеңiл», «Көктемнiң бiр күнi – жылға азық», «Үйлену оңай, үй болу қиын» т.б. Осы мақалдарды қазақтың тәмсiлi емес деп кiм айта алады. Мұндай жатық етiп аудару, қазақтың жүрекке жақын сөздерiн қолдану шебердiң шеберiнiң ғана қолынан келсе керек. Мұзағаңның абыройын асқақтатып тұрған саланың бiрi осы аудармашылығы. Шет елдерде болғанында немесе өзге елдiң жазушылары Қазақстанға келгенде көбiсiнiң iздейтiнi Мұзафар Әлiмбай екен. Мұның сыры да сол Мұзағаңның аудармашылық қабiлетiнiң құдiреттiлiгiнде. Кiм болса да өз тiлiн қастерлеген азаматты сыйлайтыны белгiлi ғой.

Қазiр Мұзағаңның көркем сөздерi, ұрымтал тұстардағы айтылған ұтымды ойлары елдiң аузында жүр. «Мұзағаң айтыпты» деген сөздер өте көп. Әрине «ұйқасқанның бәрi өлең емес» дегендей, жылтыр сөздердiң барлығы маржан емес, олардың арасында арзаны да бар. Мұзағаң арзан сөзге бармайды. Сөздердi қолданғанда оның iшкi мағанасы мен мән-мазмұнына, үйлесiмдiлiгiне, сонымен қатар сыртқы көркемдiгiне көп көңiл бөледi. Бiр-екi сөзiн келтiре кетейiк.

Құран-кәрiм – жарық нұр,

Қасиетiн танып бiл.

***

Дүлей –

Үрейден көз ашпас.

***

Жамандықты байқа да,

Жақсылықты қайтала.

***

Ақындықта –

Даналық та бар,

Дуаналық та бар.

***

Шәкіртке ұстаз болу – ірілік, ұстазға ұстаз болу – ұлылық.

***

Ескерткіш тозса да, естелік тозбайды.

***

Түйірдей болса да, түйінді ойың болсын.

***

Ұлтын білгің келсе, ғұрпын біл.

Әнші-күйшілердің, ақын-жыраулардың думан құрған өнер төрінде, солардың тәтті сазын, татымды сөзін қаршадайынан құлағына құйып өскен Мұзағаң 5 жасында әріпті әліп деп біліп, кітап оқи бастаған. 6 сыныпта ауыл кітапханасының бір қыста 150-ден аса кітабын тауысып, «Бауырсақтан» бастап», «Батырлар жырын» және Александр Сергеевич Пушкиннің 4 томдығын тауысады. Әкеден 8 жаста, шешеден 13 жасында айырылып, жетімектің кім екенін, жетімдіктің зіл мен мұң екенін анық та толық сезінді. 1932-33 жылғы алапат аштықты көзбен көріп, өз басынан өткерді. 1937 жылдың сталиндік сойқанында халықтың зиялы ұл-қыздарын зорлық-зомбылықпен оққа байланғанын да өз көзімен көрген. Соғыс басталғанда он сегізге толар-толмаста болған Мұзафар Әлімбаевтың педучилищені енді бітірген кезі еді. 1941 жылдың желтоқсанында өз еркімен соғысқа шақырылып, саяси жауынгерлер бригадасының 120 мм миномет дивизионына алынады. Үш жарым айдай қатардағы жауынгер, сосын саяси жұмыстар жөніндегі жетекшінің орынбасары болды. Калинин майданында Ржевтің түбінде 1942 жылдың қарашасында лейтенант Мұзафар Әлімбаев соғысқа артиллерия ротасының командирі ретінде кірісті...

Мұзафар Әлімбаевтың мәтін жазудағы шеберлігі өз алдына бір шежіре. Осы кезге дейін айтылып жүрген және айтыла да беретін «Ақмаңдайлым», «Ақсұңқарым», «Маралдым», тағы да басқа халық сүйіп тыңдайтын әндердің мәтіндерін де жазған Мұзағаң. Мұзағаң жайында шағын мақала былай тұрсын, кiтап жазса да артықтық етпейтiнi белгiлi. Тiптi бiрнеше томға татитын еңбегi де бар. Бiздiкi қарымды да қарулы қаламгердiң мерейтойында мысқалдай болса да өзiмiздiң жылы лебiзiмiздi, ыстық ықыласымызды бiлдiрсек деген ой ғана. Қазақ әдебиетiнiң бiр саласы – балалар әдебиетi мен қазақ сөзiнiң мәйегi мақал-мәтел жазудың машығы Мұзафар Әлiмбайды маржан сөздiң маршалы десек те болғандай. Аталы сөздiң ауырын әрi тәуiрiн қара нардай қайыспай көтерiскен әдебиет абызы мен алыбының артында қалған маржан сөздері мен афоризмдерін әлі күнге іздеушілер қатары сиреген емес.