Қай өңір тұрғындарына айыппұл жиі салынады

Қай өңір тұрғындарына айыппұл жиі салынады
Сурет: ашық дереккөз

Биылғы 8 айда шамамен 6,8 млн әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген.

Бұл туралы Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті мәлім етті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.  

“5,5 млн құқық бұзушыға 128,2 млрд теңге көлемінде айыппұл салынып, оның 88,3 млрд теңгесі өндірілді. Өз кезегінде айыппұлдардың басым бөлігі немесе 4,6 млн айыппұл алғашқы 7 тәулік ішінде 44,1 млрд теңге сомасына 50% жеңілдікпен төленді. Ағымдағы жылдың өткен кезеңінде әкімшілік айыппұлдарды өндіріп алу көрсеткіші 68,8% құрады”, – делінген хабарламада.

Ең көп айыппұл салынғандар:

Алматыда –  1 млн құқық бұзушылық тіркеліп, 16,8 млрд теңге шамасында айыппұл салынған. Оның 12,7 млрд теңгесі төленген.

Астанада – 12,7 млрд теңге сомасына 800 мың құқық бұзушылық, 8,6 млрд теңге төленді.

Ең аз Павлодар облысында 11,8 млрд теңге сомасына 92 мың айыппұл салынған, оның 11,3 млрд теңгесі төленген.

Барлық әкімшілік құқықбұзушылықтардың 95%-ын ішкі істер органдары анықтаған.

Ішкі істер органдары 5,3 млн құқық бұзушыға шамамен 68,4 млрд теңге көлемінде айыппұл салған, оның ішінде мемлекет бюджетіне 51,7 млрд теңге түскен.

Айыппұлдардың негізгі бөлігін фото-бейнетіркеу камераларымен тіркелген құқық бұзушылықтар құрады, олар бойынша 38,1 млрд теңге сомасына 3,4 млн астам ұйғарым шығарылды.