Қасқырлар патшайымы

Қасқырлар патшайымы
Сурет: Almaty-akshamy.kz. 

Қазіргі кезде түрлі тілден қазақ тіліне аударылып жатқан шығарма көп. Тіпті бір шығарманың қазақ тіліндегі бірнеше нұсқасын кездестіруге болады.

Бұл мүмкін нарық талабы шығар, дегенмен кітапты сүйіп оқитын оқырманға көркем шығарма қажет. Сондай құнды еңбектің бірі - «Шығыс әдебиеті және өнері» баспасынан жарық көрген қытай жазушысы Шэнь Шисидің «Қасқырлар патшайымы» атты кітабы. Атауы да, мазмұны да қызық шығарманың оқырманға берері көп. Қаламгер Шэнь Шиси қасқыр туралы шығарма жазу үшін біраз жыл бойы орманда өмір сүрген екен. Автор қасқырдың үйірін, ондағы заңдылық, өзіндік қағидалар мен жалпы жыртқыштың психологиясын зерттеуді мақсат тұтса керек. Шэнь Шиси қасқырдың үйірін суреттеу арқылы адамзат қоғамына тән азық үшін күресу, таққа таласу, соңынан ұрпақ қалдыру және ұрпағының амандығы үшін барын салу секілді дүниелерді түрлі оқиға желісі арқылы әдемі бейнелейді.

Шығарманың редакторы Ханшайым Тәуірбай: «Бұл – қызықты шығарма. Үйірдегі абадан, арлан, қаншық қасқырлардың өзіндік рөлі, күнделікті өмірде белгілі бір міндеті болатынын көп ешкім біле бермейді. Жазушы арнайы зерттеу жүргізу арқылы қасқыр туралы көп мағлұмат берген. Сонымен қатар, автор бұл еңбегінде қоғамдағы өзекті мәселелерді де баяндап отырғандай әсер аласыз. «Қасқырлар патшайымы» ересек жастағы оқырманды да, балаларды да бейжай қалдырмайды. Оқиға желісі шиеленіскен тұста қасқырларға жақтасып, шығарманың кейіпкеріне алаңдап отырасыз», - деп өз ойымен бөлісті.

«Қасқырлар патшайымы»  қасқыр туралы жазылған тұңғыш шығарма емес. Аталған еңбек Джек Лондонның «Ақ азуы», Мұхтар Әуезовтың «Көксерегі», Шыңғыс Айтматовтың «Жан пидасының» жалғасы іспеттес. Әр шығарманың идеясы, сюжеті бөлек, алайда бәріне бірдей ортақ тақырып – қасқырдың өзіне ғана тән ерекше жаратылысы. Қай шығарманы алсақ та, қасқырдың табиғатпен байланысы, адамға деген көзқарасы суреттеледі.

«Қасқырлар патшайымы» кітабын қазақ тіліне аударған, филология ғылымдарының PhD докторы, жазушы, аудармашы Нұрхалық Абдырақын аталған шығарма туралы пікірін айта келіп, аударма ісі туралы сөз қозғады. «Белгілі бір халықтың шығармасын аудару үшін аудармашы сол елдің тұрмыс-тіршілігін жақсы тануы керек, шығарма авторының психологиясын зерттеп, оның ойын, пайым-парасатын, дінін, таным-түсінігін жақсы білуі тиіс. Бұл еңбекті аудару барысында авторды жан-жақты тануға тырыстым. Шығарманың кейіпкері болған қасқырды да зерттедім, жыртқыш туралы көптеген видеоматериал көріп, кеңірек іздендім. Қасқыр деген қазаққа жат емес, сондықтан шығармаға ұлттық бояуды дарыта отырып аударуды жөн көрдім», - деді.

«Шығыс әдебиеті» баспасы 2010 жылы Бейжің қаласында құрылған «Шанс» Халықаралық баспа компаниясының Қазақстандағы филиалы болып табылады, аталған баспа қытайдың әдеби шығармаларын қазақ тіліне аударумен айналысады.  Аталған баспадан қытай тілінен аударылған түрлі жанрдағы кітаптарды табуға мүмкіндік бар.

Көркем әдебиет ұлт талғамайды. Яғни, қай халықтың туындысын оқысақ та, сондағы кейіпкер үшін алаңдап, соның жан дүниесін түсінуге ұмтыламыз. Оқырманға шығармадағы адамның болмысы, оның психологиясы қызық. Өзге елдің мәдениеті, тұрмыс-тіршілігі қызық. Осы тұрғыдан алғанда, аталған баспадан жарық көрген еңбектер өз оқырман табары сөзсіз.