Cақалды шалдың «сарқыты»

Cақалды шалдың «сарқыты» almaty-akshamy.kz

Не байқадыңыз?


 




 


Балуан Шолақ атындағы спорт сарайының маңдайшасынаоның  суретін жапсырудың жөні бар ма еді?!


 Бүгінде Алматыда және басқа қалаларымызда шетелдік «KFC» компаниясының жарнамасы үйреншікті көрініс. Бұл компанияның негізін Харланд Сандерс деген адам қалағанымен, кейін кәсіпорын қолдан-қолға өтіпті. Бірақ  он бір түрлі дәмдеуіштен тұратын қоспаны ойлап тапқан Сандерстің суреті, әуелгі шарт бойынша, фирманың таңбасында (логотипінде) қала бермек. Алпауыт тамақтандыру жүйесінің мейрамханалары Алматыда ғана тоғыз жерде елдің тоғын басады екен. Бірақ  бізді ойландыратыны, асқазанның қамы емес. Сақалды шалдың жарнама суретін (логотипін) қолданудағы талапсыздық пен талғамсыздық. Ақшаға бас ұрған кейбір шенеуніктердің «қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарсаның» кебін киген  кісәпір кейпі жирендіреді.


 


 «Кентуккиде қуырылған тауықтан» көз сүрінеді


 «KFC» компаниясының ағылшынша қысқарған атауының толық мағынасы «Кентуккиде қуырылған тауық» дегенді білдіреді. Бұл – «қанатты түліктің» етінен баптап, сан алуан ас мәзірін ұсынатын мейрамханалардың халықаралық жүйесі. Жер жүзін шырмап тастаған «өрмек» иесінің орталығы АҚШ-тың Кентукки штатының Луисвилл қаласында «қоразданады». Соңғы деректер бойынша «KFC»-дің 800 мыңнан астам қоғамдық тамақтандыру орындары әлемнің 130 елінде  «ұя» салған.


Шынында да қазаншыны бетімен жіберсең, «ішің түйіліп, ұшынбақ» түгілі, өзіңнің кім екеніңді «танымай» қалуың оп-оңай. Қай нәрсенің болсын, әсілі жөн-жосығы бар емес пе? Мәселен, Алматының Абай даңғылындағы сақалды шалдың алашадай суреті «көзге шыққан сүйелдей». Мұндай «қонақжайлықтың» сыры да ел-жұртқа жақсы мәлім: ақшаға аранын ашқандардың арам «сыбағасы» жүрек айнытады. Оған да талай куә болғанбыз. Сонау  90-ыншы жылдары Америка мен Еуропадан қаңғып келген, өз елінде қарызға белшесінен батып, кенеп шалбар киген «кәсіпкерлердің» алдында құрдай жорғаладық. Жаңағыларды, бейнебір, үлкен бизнес иесі секілді қолпаштағанымыз  да есімізде. Бұл сөйтсек...


 


«Қосымша құнның» жаңа түрі


Шетел «бизнесмендерінің» көпшілігі мемлекеттен несие алып, өз жерінде «шоңқиған» шаруасын мұхит асып, дөңгелетіп әкетуден үміттілер болып шықты. Капитализмнің негізгі заңы – қосымша құн заңын жап-жақсы меңгеріп, алақандарын ысқылап жеткен беттері екен. Ондайлар жалдамалы жұмысшының жаңағы – «ақы төленбеген еңбегінің  «жемісіне» (қосымша құн) жалаңдап тұрды. Алайда, «қосымша құнның» капитал дүниесі мен біздегі айырмасы жер мен көктей. Олай болса, шоқша сақал Сандерстің суреті айтпақ ойымыздың тамыздығы ғана. Әрине, ол да қаба сақал Маркс ашқан «қосымша құн» заңының арқасында жұмысшының маңдай терін сорғалата сығып, пайда табудың небір айла-тәсілін меңгерген кәсіпкер.



Сонымен, Балуан Шолақтай қазақтың ұлы перзентінің есімін иеленген спорт сарайының маңдайына сақалды шалдың суретін жапсырудың жөні қайсы?! Тіпті, компания логотипінің көлемі алдын ала келісілуі керек емес пе? Әйгілі аспаздың Абай Құнанбайұлының даңғылына қасқая қарап, «көкірек керуінің» себебі де тағы сол «қосымша құнның» салдары. Өркениетті капитал әлемінде «қосымша құнды» абсолютті және салыстырмалы  жолдармен қалтаға басады. Атап айтқанда, біріншісінде, ақы төленбейтін уақытты ұзарту, ал екіншісінде жаңа техника мен технологиялардың көмегімен ақы төленетін уақытты қысқарту арқылы қол жетеді.



Ал  бізде болса, «қосымша құнның»  үшінші – «жемқорлық» түрі «дертке» айналды. Пайдаға шаш-етектен батудың жаңа түрін ойлап тапқан шетелдік және отандық кәсіпкерлердің «іскерлігі», тіпті қаба сақал Карлдың «қосымша құн» заңын «шаң қаптырғандай». Бұдан былай ақы төленетін немесе төленбейтін уақытты тиісінше ұзарту мен қысқарту үшін әуреге түсу қажет болмай қалды. Бізде, жер қойнауының «есепсіз» байлығын немесе бюджет қаржысын жең ұшынан жалғасып, көмейден асырудың (өле жегенше, бөле жеудің) небір жымысқы әрекеті іске асты. Осылайша  «қосымша құнның» жаңа түрі, яғни үшінші – «жемқорлық пен парақорлық»  кекірік атты.



  • Күні кеше ғана республика Президентіне берген есебінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің басшысы келтірген деректер еріксіз жағаңды ұстатады. Ұрлыққа құрылған «жабайы» капитализмнің құбыжық сиқы жүрек айнытарлық. Егемендіктің әуелгі 30 жылындағы «қосымша құнның» сыбайластық «бағын ашқан» жаңа – «жемқорлық» түрінің тонаушылық пен қиратушылық әрекеті жойқын. Оның экономикалық зардабы өз алдына, жас ұрпақты «еліктіріп», теріс жолға итермелейтіні алаңдатады. Өткен қыста Екібастұзда болған апатты жағдай  да халықты басып, жаншыған олигархтар мен олармен «әріптес» шенеуніктердің «қосымша құнды» аса «шебер» меңгергенін көрсетті.


 


«Алаған қолым – береген» қағидаты


Жең ұшынан жалғасқан сыбайластар есепсіз байлыққа кенелді және майлы қасықша жылпылдап, талтаң-талтаң басады. Сонда қатардағы халықтың орта құрсақ күн кешіп, аязда дірдек қаққанының обалы кімде?! Тапқан табысы күнделікті ішіп-жемінен аспай, пәтер жалдағандар мен лашық паналағандардың обалын кім ойлайды? Өрт «жалмаған» бүлдіршіндер мен өзіне-өзі қол салған жеткіншектердің қасіретін кім көтереді? Осылай боларын, өкінішке қарай, жергілікті  билік органдары білмеді емес. Халық меншігіндегі жер қойнауының байлығын «ұры мен жебір» отыз жыл бойы «бауырына басып, алтын жұмыртқаны» емін-еркін шайқады.


Қарағанды кеншілерінің басын торлаған бұлттың сейілмей тұрғаны  сол сыбайлас жемқорлықтың салдары екені даусыз. Уыстап «асату» мен қалтаға басудың небір айла-тәсілін меңгерген ашқарақ «көмейлерді» шөміштен қағып, шашалтуға ешкімнің  қауқары жетпеді. Ебін тауып, екі асау қалыпты нормаға айналды. Тіпті, қызмет аламын десең, өзің де жеп, «көкеңе» де асата білу «қосымша құн» табудың талабына айналды.


Қысқасы, «алаған қолым – береген» қағидатын меңгергендер бизнесте «шортанша» жүзіп, «малти білмейтіндер жағалауда шоршып» жатты. Кейбір мекеме мен кәсіпорын басшылары «қақпанға түссе», бұған оларды «қамшылап, арандатқан» жоғарыдағы «қамқоршылары» кінәлі екені айдан анық. Ең масқарасы, жаңа олигархтар мен олардың сыбайластары өздерінің ақшамен арбап, тым арзанға алған кәсіпорынның ғана иесі екенін мүлде естен шығарды. Олар жер байлығының халықтың меншігі екені туралы мемлекетіміздің Негізгі заңы – Конституциямызға жазылып қойылған айнымас қағидаға пысқырған емес. Себебі, заң мен адам құқы да жаңағы  «жайын ауыздарға» жұтылып, бойына сіңе берсе, өзеуремегенде қайтсін?!



Ең өкініштісі, Әділетті  Қазақстанға бағдар ұстаған кезде де ондайлар әлі де халық қазынасын, әкесінен мұраға алғандай,  оңды-солды шашудан дәмелі. Жер астынан қазып, яки «сорып» алады да өздерінің қалауынша сатып, тарата береді. Осының бәрі аз десеңіз, «ұрылар» шикізат үшін мемлекетке жарытып ақы да төлемейді екен. Тіпті, тиісті салықтан да жалтарып, тапқан табысы үшін халыққа «тарыдай сыбағасын» да қимайды. Мәселен, электр қуаты үшін халықтың да, кәсіпкерлердің де тиісті мөлшерден екі немесе үш есе көп төлеп келгені жақында ғана мәлім болды. Ал  биткоин шығаратын майнинг фирмаларының  жөн-жосықсыз пайдалануынан жарықтың жиі өшуі үйреншікті жағдайға айналды. 



Қосымша құнның» жаңа – «жемқорлық/парақорлық» түрін ашқан сыбайластардың өздері  де, ортадағы делдал «қызымкаларының»  да пайдаға аузы-мұрнынан шыққанша кенелуінің деректері толып жатыр. Барлық пайда жалған «өндіруші» мен тұтынушының арасындағы алыпсатар делдалдардың жұтқыншағынан асып, құмға сіңгендей зым-зия. «Қосымша құнның» жаңа түрін ойлап табу қаба сақал Маркстің теориялық мұрасын дамытқан шоқша сақал Лениннің де қолынан келмеген еді. Ал  социализмнің негізгі заңының құр тілектен аспай қалғанын білеміз. Атап айтқанда, Маркс  ғылыми негіздеген, Ленин дүниені дүбірлеткен социализмнің негізгі заңы – «қоғамның барлық мүшесінің әл-ауқаты мен жан-жақты дамуын қамтамасыз ету» заңы болатын. Жаңағы жалаулатқан ұранды жүзеге асыру үшін табыс табудың маркстік «қосымша құн» секілді нақты тегершігі жоқ екені көзге оттай басылады.



Кезінде Алматыдағы жоғары партия мектебінің тыңдаушысы ретінде өзіміз басымызға жастанып оқыған Маркстің екі томдық «Капиталының» капиталистік қоғамға арналған біріншісі айтарлықтай баурап алатын. Бірақ  тап сол «Капиталдың» социализмге арналған екінші томы тез жалықтырады. Бұл да оның қаба сақал авторының өзі өмір сүрген капиталистік қоғамды жақсы біліп, «адам игілігіне қызмет етеді» деп қиялдаған жаңа қоғамды жете білмеуімен түсіндірілсе керек.



Алайда, өндіріс құрал-жабдықтарына мемлекеттік меншікті енгізген, әділеттілікке қол жетеді деп сендірген  социалистік жүйе ақыр-соңы құрдымға кетті.  Демократияны «бір орталыққа бағыну мен темірдей тәртіп» деп, жариялылыққа «тұмылдырық» кигізген қоғамның халықты қаншалықты азапқа салғанын егемен ел болған соң ғана білдік. Соған да қарамастан кейбіреудің адамды «қызылсөз» ұрандармен арбап, «нұрлы болашақпен» емексіткен кеңестік кертабан кезеңді аңсап,   «ол да тарих қой» деп мүләйімсігені өкінішті-ақ! Тарихтың да қазаққа керегін алып, зарарын ұмытудың қажеті ондайлардың миына да кірмейді. Комсомолдың туған күні мен Қазан төңкерісін сағынып, әлі де болса бірін-бірі  құттықтауды ұмытпай жүргендер де солар. Дауасызға не шара?!



Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

21:06

20:37

20:24

20:06

19:32

18:41

18:15

17:40

17:20

17:12

16:53

16:36

16:17

16:08

16:00

15:49

15:35

15:32

15:13

15:03

13:04

12:53

12:42

12:24

12:22