Қап тауындағы қауіп дабылы

Қап тауындағы қауіп дабылы
stylishbag.ru

Қазақстанның ұстанымы айқын

 

Таулы Қарабақта тағы бір қауіпті жанжалдың қоңырауы қағылғандай болды. Танылмаған «Таулы Қарабақ Республикасы» парламенті президенттің отставкасын қабылдап, кезектен тыс президент сайлауын да өткізіп жіберді. Ресми Баку бұл қадамды Әзербайжан Республикасының конституциясы мен заңдарын, сондай-ақ халықаралық құқықты өрескел бұзу деп бағалады. Бұл ұстараның өткір жүзінде тұрған Таулы Қарабақ мәселесін қақтығыс отына қарай сүйрегенмен бірдей болды. Осылайша Қап тауында қақтығыс оты тұтанып кетпей ме деген қауіп қайта көтерілді. Әрі, осы сұрақты қарастырып жатқан уақытта, Әзербайжан мен Армения ортасында қарулы қақтығыстың хабары да жетті.

ТАУЛЫ ҚАРАБАҚТАҒЫ «ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫ»

«Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» дейтін тәмсілге жақын бұл оқиға 9 қыркүйек­те болды. 1 қыркүйек күні «Таулы Қарабақ Республикасының» президенті Арайик Ару­тюнян парламентке отставкаға кету туралы өтініш берген. Өтініші қабылданып, 9 қыркү­йекте өткен кезектен тыс президент сай­лауында оның орнына 45 жастағы Самвела Шахраманян келді. Баку аймаққа өзінің ба­қылауын орнатып жатқан тұста мұндай жағ­дайды қабылдамасы белгілі. Әрі, оны өзінің ресми мәлімдемесі арқылы да анық аңғарт­ты. АҚШ пен Еуроодақ та Таулы Қарабақта­ғы сайлауды заңды деп таныған жоқ.

Мәселе ондағы сайлаудың заңды-заңсыз­дығында да емес, түйткіл тұсы – оның Әзер­байжаннан тыс жасалуында. Бұған қоса, ау­мақтың территориялық меншік құқығына қатысты дау толық шешімін таппай тұрған кезде бұндай әрекет жанжал отына май құй­ғанмен бірдей еді. Армения тарапы болса бұған дейін Таулы Қарабақты Әзербайжан­ның бір бөлігі ретінде тануға дайын екенін мәлімдеген. Тек онда тұратын армяндардың құқығы мен қауіпсіздігі мәселелеріне қатыс­ты өз талаптарын ұсынған. Баку мен Ереван нақты келісімге келмесе де қақтығысты бол­дырмауға деген құлшыныстары қазіргі ты­ныштыққа кепіл болып тұрған еді. Ортаға ресейлік бітімгершілік күштерін алып, тоң­теріс күйде тұрған Таулы Қарабақ жеріндегі бұндай саяси іс-қимыл тыныштықтың нәзік пердесін сырып тастаған сыңайлы.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ПОЗИЦИЯСЫ АШЫҚ ӘРІ АЙҚЫН

Төңірек түгел бүлінген, әлем аласапыран күйде тұрған кезде қай іргемізде болмасын қақтығыстың болуы бізге тиімсіз. Таулы Қа­рабақтағы жаңа жағдайға байланысты Аста­на өзінің ресми ұстанымын білдірді. ҚР Сыртқы істер министрлігі 12 қыркүйек күні бұл жайында мәлімдеме де жасады. Яғни «Қарабақ төңірегіндегі соңғы оқиғаларға байланысты Қазақстан Республикасы Әзер­байжан Республикасының егемендігі мен аумақтық тұтастығына оның халықаралық деңгейде танылған шекаралары шегінде берік қолдауын тағы да растайды, сондай-ақ барлық мәселелерді БҰҰ Жарғысына және халықаралық құқықтың негізгі қағидаттары мен нормаларына сәйкес саяси-дипломатия­лық жолмен реттеуді қолдайды», делінген СІМ мәлімдемесінде.

Әзербайжан жауапкершілігі ауыр қарулы күрес жолын таңдағанымен, 44 күндік соғыс арқылы Таулы Қарабақ пен оған шектес бір­қатар аудандарды қайтарып алды. Әрі соғыс­ты тоқтату келісіміне де қол жеткізді. Биыл мамырда Ереван да Таулы Қарабақты Әзер­байжандікі деп тануға дайын екенін білдірді. Бұл тараптардың шынайы бейбітшілік келісіміне келуге деген үмітті оятты. Алайда, қос тарап келісе алмай тұрған бірқатар мәсе­лелер бар.

КЕЛІСПЕУШІЛІКТІҢ ТӨРКІНІ ҚАЙДА ЖАТЫР?

Мойындау керек, Таулы Қарабақ бұл екі ұлттың да шымбайына теңдей бататын жара болып қалды. Бұл жараның жазылуына әлі де ұзақ уақыт керек болуы мүмкін. Ең маңызды­сы, осы ұзақ уақыт арасында тыныштықты қамтамасыз ету екі ел үкіметінің маңызды жауапкершілігі болып тұр. Себебі, армян мен әзербайжан азаматтары арасында сенім дағ­дарысы тереңдеді, өзара жаулық көзқарас күшейді.

Қарабақты Әзербайжан территориясы деп тануға Арменияның өз ішінде қарсылық аса күшті, соған қарамастан Никол Пашинян билігі бұл қадамға дайын екенін білдірді. Осыдан кейін Баку мен Ереван бейбітшілік келісіміне қол қоя салуына бола ма? Мәселе тараптар бір-бірінің ұсынған шарттарын қа­был алғысы жоқ. Айталық, Әзербайжанның әуелден ұсынған бес шарты мыналар: шека­раны қос тарап бірдей мақұлдау; әскери күш қолдануға шектеу қою; шекараларды демар­кациялау және трансшекаралық дәліздерді ашу. Бұл талаптар ішінде Армения үшін мүлде қабылданбайтыны жоқ сынды көрі­неді. Алайда, шекараны толық демаркация­лау мен трансшекаралық дәліздерді ашу бо­йынша шарттарды Армения ішінде қабылдамайтын күштер бар.

Ал Ереван қойып отырған Қарабақтағы армияндардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің қандай да бір халықаралық меха­низмін құру туралы шартты Баку қабылдағы­сы жоқ. Себебі, бұл Әзербайжанның террито­риялық тұтастығын бүлдіру деп санайды. Есесіне, өз азаматтарымен тең құқық беріп, өз бақылауындағы барлық аймақтарға ұқсас әкімшілік бақылауын орнатқысы келеді.

Қазіргі жағдайдан қарағанда, Таулы Қа­рабақ дауы әлдеқашан Әзербайжан мен Ар­мения ортасынан алқып шығып, сыртқы күштердің де қызығушылығын оятқан. Онда­ғы себеп, бұған дейін Мәскеудің дәстүрлі ықпал ету аймағы саналып келген Оңтүстік Кавказ жерінде өз позициясын орнатуға де­ген ынталы күштер бар. Ресейдің бітім­гершілік күштерінің аймақтағы қауіпсіздікті сақтауға қауқарсыздығы осыған дейін де ай­тылып келеді. Бұның бәрінен қарағанда алда­ғы уақытта Қап тауындағы геосаяси жағдай­да өзгерістер болуы, әрі оның біздің аймаққа да өз әсерін жасауы бек мүмкін.

 

«Аlmaty-akshamy» №109, 14 қыркүйек, 2023 жыл