«Jibek joly» телеарнасы арқылы «Қияндағы қандастар» атты жоба көрерменге жол тартады

«Jibek joly» телеарнасы арқылы «Қияндағы қандастар» атты жоба көрерменге жол тартады
Cурет: Orda.kz

Фильм Италия, Испания, Германия, Франция, Нидерланд, Бельгияда тұратын қазақтар туралы түсірілген.

ХХ ғасырдың басындағы қазақ тарихы туралы әңгіме бола қалса, «жер бетіне тарыдай шашылған қазақ» деген тіркес айтылатыны бар. Сол тарихты жасаушылардың көбінің ұрпағы қазір алты құрлықтың әр қиырын мекен етіп жатыр. Ата мекенінен, қазақи ортадан ажырағандарына ғасырға жуық уақыт болса да, ересектері тілі мен дінін сақтап, ұрпақ бойына ұлттық болмысты дарытудан жаңылмай келеді.

«Jibek joly» телеарнасының «Қияндағы қандастар» атты жобасы шет жұртта қалған, тағдыры талайлы қандастарымыздың бүгінгі тұрмысы мен қазіргі жағдайы, кешегі қиындықтарын арқау етеді. Жоба көрерменге 24 қыркүйекте жол тартпақ. Әр аптаның сенбісі күні сағат 14:30-да эфирге шығады.

«Бағдарлама 10 сериядан тұрады. Біз Италия, Испания, Германия, Франция, Нидерланд, Бельгияда тұратын қазақтар туралы түсірдік. Осы елдердегі бауырларымыз туралы үлкен циклді фильмдер ұсынатын боламыз», -дейді жобаның продюсері Алпамыс Шаримов.