Итке таланған үш бүлдіршін көз жұмған

Итке таланған үш бүлдіршін көз жұмған
Сурет: Almaty-akshamy.kz

81 баланы ит қапқан.

Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспанның айтуынша, әкімдіктер қаңғыған ит мәселесін дұрыс шешіп отырған жоқ, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Бүгін Сенат кулуарында Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан балаларды бұралқы иттер талап жатқанын, бұл мәселені әкімдіктер шешуі керек екенін, бүгінде бұған барлық мүмкіндік бар екенін айтты.

Вице-министр әр мемлекеттік орган өз жұмысын атқару керек екенін, әкімдіктер балаларды қаңғыған иттерден қорғауды қамтамасыз етуі керек екенін баса айтты.

"Аулауға болады, қаңғыған иттерге қатысты шаралар қарастырылған емес пе еді? Осыны бақылауға алып, жұмысты ұйымдастыру керек. Біз басқа мемлекеттік органдар алдында мәселе көтеріп отырмыз. 81 бала зардап шекті, үшеуі көз жұмды. Түркістан, Ақтөбе облыстары, Алматы қаласында. Бүгінгі күні барлық мүмкіндік бар, уәкілетті мемлекеттік органдар (қайғылы жағдайларға – ред.) жол бермеуі керек Сондықтан барлық мемлекеттік органдарды балалардың құқығын қорғау үшін тиісті шаралар қабылдауға шақырамыз", деді Еділ Оспан.

2023 жылғы 6 желтоқсанда ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова қаңғыған иттерге қатысты мәселе көтерді. Оның айтуынша, осы жылдың бірінші жартыжылдығында елде қаңғыған иттер 81 баланы қапқан, соның салдарынан үш бүлдіршін көз жұмды.