«Отандық контенттің көбеюіне өзіміз кедергі жасап отырмыз»

«Отандық контенттің  көбеюіне өзіміз кедергі жасап отырмыз»
Сурет: интернеттен

Бұл сенатор Бибігүл Жексенбайдың сөзі.

Сенатор бүгін көрермен жат елдің идеологиясын санасына сіңіріп жатыр деген мәселе көтерді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Бибігүл Жексенбай бұл туралы Әлихан Смайыловқа жолдаған депутаттық сауалында айтты.

"Биыл наурыз айында қабылданған ақпараттық доктринада "телевизия мен радио аудиториясы ең ауқымды, ең ықпалды ақпарат көздерінің бірі болып қала береді, отандық теле және радиостанцияларға тиісті көңіл бөлінген жағдайда олардың шетелдік медиа алпауыттарымен бәсекеге түсуге мүмкіндік беретіндей әлеуеті бар" делінген. Қазақстанда тіркелген 83 телерадиокомпанияның 21-і республикалық деңгейде хабар таратады. Оның тек 15-і мультиплекске тегін еніп, хабар таратып отыр. Ал, қазақстандық көрермендерге ұсынылған шетелдік телеарналар саны 300-ге жуықтады. Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда сырттан ағылған ақпараттық-насихаттық инъекциялардың күшеюі назар аудартады. Әсіресе шекаралық аймақтардың тұрғындары үшін шетелдік ақпарат көзі үйреншікті болған", - деді Сенат депутаты.

Сөзінше, Қазақстанда цифрлық-эфирлік теледидарға көшу 2015 жылға дейін жоспарланғанымен, бұл жұмыстар созылып кеткен.

"Цифрлық-эфирлік теледидарға көшсек, республикалық маңызы бар қалалар мен облыс орталықтарында 30 арнаға дейін, ал облыс орталықтарынан шалғай елдімекендерде 15 арнаға дейін телеарналарды трансляциялауға мүмкіндік пайда болып, екінші-үшінші мультиплекс қосылып, отандық телеарналардың дамуына зор мүмкіндік ашылады деген уәде болған. Алайда, әзірге мемлекеттік арналардан басқалары үшін мультиплексте хабар тарату арман болып отыр. Өңірлік, әсіресе шекаралық аумақтағы жекеменшік телеарналар одан әрі орын ала алмайды. Себебі бағасы удай қымбат. Яғни жекеменшік арналардың дамуына, отандық контенттің  көбеюіне өзіміз кедергі жасап отырмыз", - деді ол.

Бибігүл Жексенбай республикалық телеарналарға балама іздеген көрерменнің Қазақстанмен шекаралас елдердің телеарналарына телміріп, жат елдің идеологиясын санасына сіңіріп жатқанын баса айтты.

"Бір өкініштісі, OTAU TV арқылы отандық телеарналарымыз өзге елге хабар таратуына шектеу болғанымен, тәуелсіздік алған жылдары біз алыс-жақын шет елдердің бұқаралық ақпарат құралдарының Қазақстан аумағына таралуына кең мүмкіндік жасадық. Қазір цифрлық эфирлік теледидар Қазақстан халқының 92,66 пайызына қолжетімді. Еліміз цифрлық хабар таратуға көшкенімен, өңірлердегі жекеменшік телеарналар бұрынғы бейшара күйінде қалып отыр. Ақпарат тарататын телеарна дамымаса, идеология да болмайды. Идеология дегеніміз тек Астана, Алматыда ғана емес, күллі өңірлерде жүргізілуі тиіс", - деп атап өтті спикер.

Бибігүл Жексенбай Қазақстанның қорғаныс саласына қыруар қаражат бөлетінін, алайда қорғанысқа қанша қаражат бөлсек те, оның тиімділігі төмен екенін айтып отыр.

Осы мәселеге қатысты депутат бірқатар ұсыныс айтты.

"Үкіметке өңірлік, әсіресе шекаралық аумақтарда ақпараттық қауіпсіздік күшейтіп, жергілікті отандық контентті көбейту үшін өңірлердегі жеке телеарналар өгейдің күйін кешпей, бәсекелестік күресте күш-қуатын арттыруына жан-жақты қолдауды қарастыру қажет. Мультиплекске шекаралық аймақтардағы жеке меншік телеарналардың да қосылуына жағдай жасап, баға саясатын реттеуге көңіл бөлінген жөн. Шекаралас елдердегі қандастарымыздың Қазақстан хабарларын көруге спутниктік таралу мүмкіндігін кеңейтуді қарастыру керек", - деп атап өтті Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай.