Голливуд актері Қазақстанды ақбөкеннің көбеюімен құттықтады

Голливуд актері Қазақстанды ақбөкеннің көбеюімен құттықтады
Сурет: интернеттен

Леонардо Ди Каприо Қазақстан үкіметіне үндеу жасады.

"Оскар" иегері 25 желтоқсанда Instagram-дағы парақшасында Қазақстан билігін жойылып бара жатқан жануарлар түрінің популяциясының көбеюімен құттықтады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

"Браконьерлікке қарсы бастамаларға, күшті құқық қорғау органдарына және жаңа қорғалатын табиғи аумақтарды құруға қомақты қаржы бөлген Қазақстан үкіметін құттықтаймыз. Олардың табиғатты қорғау ұйымдарымен, университеттермен және ғалымдармен ынтымақтастығы табиғатты қорғау ісіндегі шынайы табысты мысал", депті Леонардо Ди Каприо.

Сонымен қатар "Титаник" фильмінің жұлдызы киіктердің халықаралық "Қызыл кітаптағы" "Критикалық қауіп төніп тұрғандар" санатынан "Қауіп төніп тұрғандар" санатына ауыстырылуын сәтті деп атады.

"Жануардың бұрын-соңды болмаған қалпына келуі Қазақстандағы ақбөкеннің керемет сақталғанын көрсетеді. Бір кездері, дәлірек 2005 жылы 48 000 бас болған бұл түр қазір жабайы табиғатта 1,9 миллионнан астамға дейін өскен", деген Леонардо Ди Каприо.

Айта кету керек, актер климаттың өзгеруі мен планетаның ластануы мәселелерін шешуге үнемі қомақты қаражат бөледі. Өзінің мансабында ол экожүйелер мен қауымдастықтардың тепе-теңдігін қалпына келтіре отырып, жабайы табиғатты жойылудан қорғауға бағытталған екі жүзден астам жобаны қолдады.

2023 жылдың 12 желтоқсанында Халықаралық табиғатты қорғау одағы ақбөкендердің жойылып кету қаупі төнген түрлер қатарына жатпайтынын хабарлады. Ежелгі бөкендер Халықаралық "Қызыл кітапта" қауіп төнуге жақын деген санатқа жатқызылған.