Германиядағы отандастарымыз жалпыұлттық референдумға белсенді қатысты

Германиядағы отандастарымыз жалпыұлттық референдумға белсенді қатысты
Сурет: Qazaqtv.com

Дауыс беруге ниет білдірген қазақстандықтардың 85% өз таңдауын жасаған.

Арасында студенттер, Германияда жұмыс бабымен жүрген азаматтар, дипломаттар мен олардың отбасы мүшелері бар. Жалпы, азаматтарымыз үшін екі учаске жұмыс істеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Qazaqtv.com сайтына сілтеме жасап.

Оның бірі Берлиндегі Қазақстан елшілігінде, екіншісі Майндағы Франкфурт қаласында орналасқан бас консулдықта ашылды.

"Мен Берлиндегі «Мирас» қазақ мәдени орталығының төрайымы боламын. Қазақстан үшін маңызды күнде референдумға азаматтық парызымызды орындауға келдік. Демалыс күнге қарамастан, отбасымызбен осы балаларымызды бірге алып келіп, бізді көрсін, біз үлгі болайық деп референдумға атсалысып жатырмыз. Даусымызды беріп келдік, қызым көмектесті", - дейді Берлин тұрғыны Айнұр Матаева.

Ал Грузияда қазақстандықтардың референдумға қатысуы бойынша рекордтық көрсеткіш тіркелді. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, елде жүрген отандастарымыздың 100 проценті дауыс берген. Грузияда бір ғана дауыс беру учаскесі жұмыс істеді. Азаматтық ұстанымын білдіру үшін қазақстандықтар елдің әр қиырынан Тблисиге ағылды.

"Грузиядағы Қазақстан елшілігіндегі №277 учаскеге дауыс беру үшін Қазақстан азаматтары келді. Біздің тізімдегілерден өзге тізімде жоқтары да болды, көп туристер басқа қалалардан келді. Боржоми, Батуми қалаларының Тбилисиден қанша алыс екенін білесіздер. Соған қарамастан, таңертең сағат 7-де ашылғаннан бастап келе бастады. Адамдардың барлығы 100 пайыз дауыс берді. Тбилиси қаласында дауыс беру барысында мұндай жағдай бірінші рет болып тұр. Бізде бір де бір бүлінген бюллетень жоқ. Барлығын санап шықтық", - дейді Грузиядағы ҚР елшілігіндегі №277 учаскелік комиссиясының Төрағасы Жазира Мырзақасымова.