Газ қосу үшін көпбалалы анадан миллион теңге сұраған

Газ қосу үшін көпбалалы анадан миллион теңге сұраған
Сурет: Almaty.tv

Сарыбай би ауылы – Алматы облысындағы Жамбыл ауданына қарасты елдімекеннің бірі

Газ құбырын жүргізудің өзі 1 миллион теңгеге жуықтады. Осылай деп налыған көпбалалы отбасы жылуға зәру, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Almaty.tv-ге сілтеме жасап.
Кәмелетке толмаған 4 баланың анасының айтуынша, көгілдір отынға қосылу үшін мердігерлер аспандағы бағаны сұрайды.  

Үйді 7 жылдан бері көмір жағып жылытып келген көпбалалы отбасы отағасынан айырылғалы көгілдір отынға зәру. Ал газ құбырын өткізетін мердігерлер түрлі себептерді айтып, жалғызбасты ананың шашы жетпейтін құнын сұраған. Содан бері үшінші ай  34 жастағы келіншек мекеменің табалдырығын тоздырумен келеді.

«Миллион болып тұр. 975 мың теңге болды. 385 мың газға, 390 мың құбыр тартқанға, 200 мың тез кіргізгенге. Калькулятормен есептеп тұрып шығарып берді. Мен 385 мыңын төлейін десем, келіспеді.  100 метрге үстінен қосымша төлеу керегін айтты», – деді жалғызбасты ана Гүлсая Танекеева.

Отағасының қазасынан кейін онсыз да тұрмыстық жағдайы төмендеген бұл отбасына баға қымбат. Себебі Гүлсаяның айлығы шайлығынан аспайды. Ал үкіметтен беретін жәрдемақы балалардың мектеп киімінен, керек-жарағынан артылмайды екен.

«390 мыңды төлей алсам, газ қашан кіреді деп сұрадым. «Жоқ. Үстінен тағы 200 мың қос» дейді. Тез кіргізу үшін. Сонда жұмысына сұрап тұр ғой. Менің ондай ақшам жоқ», – деді жалғызбасты ана Гүлсая Танекеева.

Алайда мердігерлердің өзі мұны жоққа шығарды. Одан бөлек, бұл отбасына көмек ретінде жеңілдіктер жасау мәселесін қарастыратындарын айтты. Ал бұған дейін не себепті мардымды жауап берілмей келгенін үлкен басшысының іссапарда жүруімен байланыстырды.

«3-4 күн ішінде басшымыз келеді. Сол кісімен ақылдасып, өзін де шақырып жеңілдік пен көмек береміз. Біз енді бұл ауданда 2009 жылдан бері жұмыс істейміз. Талай жағдайы жоқ отбасына, мүгедектерге жеңілдік бердік», – деді «Тәуекел-газ құбыры» ЖШС директоры Қазбек Ғабиден.

Айта кетсек, көпбалалы отбасы тұрып жатқан Сарыбай би ауылы – Алматы облысындағы Жамбыл ауданына қарасты елдімекеннің бірі. Жергілікті әкімдік дерегінше, мұндағы 816 шаңырақ бар. 510 үй көгілдір отынға қосылған. Ал жалғызбасты ана түтінін түтетіп отырған шаңыраққа қашан жылу қашан кірері әзірге белгісіз.