Есептік кездесу өтті

Есептік кездесу өтті
Суреттерді түсірген - Самат

№199 мектепте Алматы мәслихатының VII шақырылымындағы Amanat партиясы депутаттарының атқарылған жұмыстары туралы есептік кездесуі өтті.

Бостандық ауданы тұрғындарының алдында Алматы мәслихатының бұрынғы депутаты Диана Ерлан атқарылған жұмыстар туралы баяндады.

«Мен Бостандық ауданының тұрғынымын және өткен жылдың шілде айынан бастап Алматы қаласы мәслихатының құрамында болдым. Депутаттық қызметте жарты жыл болғаныма қарамастан, мен жұртшылықпен ашық диалог жүргізуге және депутаттық корпус жұмысының нәтижелерімен бөлісуге дайынмын», – деді ол.

Алматы мәслихатының депутаты Бостандық ауданында 7 мыңнан астам ерекше қажеттілігі бар адамдар бар екенін айтып, олар үшін әлеуметтік инфрақұрылымның қолжетімділігі бағытында бірқатар жұмыстар атқарылғанын айтты.

«Өткен жылдың тамыз айында мені сөйлеу қабілеті бұзылған оқушыларға арналған №9 мектеп-интернаттың партиялық бақылаушысы етіп тағайындады. Интернат біздің ауданда орналасқан, бірақ бұл - Алматыдағы осындай диагнозы бар балаларға арналған жалғыз оқу орны. Мердігердің жосықсыз қарым-қатынасы мен көптеген сот процестеріне байланысты ғимаратты жөндеу-құрылыс жұмыстарының мерзімі 4 жылға созылды.

Мен 139 оқушы осы уақыт ішінде қаланың басқа екі мектебінде оқуға мәжбүр болғанын анықтадым. Бұл мүлдем дұрыс емес. Біріншіден, бұл екі мектеп үшін ауыртпалық. Екіншіден, ата-аналар қолайсыз маршрутпен жүруге мәжбүр. Үшіншіден, бұл балалардың өздері үшін ыңғайсыздық тудырады. Сондықтан мен алдымен аудан әкіміне жүгіндім. Бұдан ары мәселе туралы қала әкімі хабардар болып, алдыңғы аптада мекеменің құрылыс жұмысымен жеке өзі танысты. Осындай қолдаудың нәтижесінде мектеп жаңа оқу жылынан бастап ашылады», – деді Д.Ерлан.

Қалалық мәслихаттың бұрынғы депутаты сөз соңында еліміздегі саяси реформалар жайлы өз ойын білдірді.

«Алматы мәслихатының VII шақырылымының таратылуы мен үшін және менің әріптестерім үшін күтпеген жайт болды деп айта алмаймын. Бұл Мемлекет басшысының саяси реформалары аясында заңды түрде орын алды», – деді ол.