Ерлан Саиров: Елдегі әлеуметтік мәселелер Тәуелсіздіктің тұтастығына сызат түсірмеуі тиіс 

Ерлан Саиров: Елдегі әлеуметтік мәселелер Тәуелсіздіктің тұтастығына сызат түсірмеуі тиіс 
dknews.kz

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды  almaty-akshamy.kz inform.kz сілтеме жасап.

«Алдымен елдегі жағдай бойынша Мемлекет басшысы шұғыл мәлімдеме жасады. Соңғы уақытта елде әлеуметтік мәселелердің болғаны рас. Енді Президент Үкіметтің алдына нақты міндет жүктеп отыр. Атап айтқанда, газ, бензин мен дизельдің және халық жиі тұтынатын тауарлардың бағасын реттеуді тапсырды. Сондай-ақ, әлеуметтік қор құруды жүктеді. Осы шешімдер елдің әлеуметтік жағдайын белгілі бір деңгейде ұстап тұруға септігін тигізеді. Бастысы мемлекеттік тұрақтылық пен тұтастығымызды жоғалтып алмау керек. Және халық талап етіп отырған түйінді мәселелер билікпен диалог арқылы, бейбіт жолмен шешілуі тиіс», - деді Ерлан Саиров.

Оның айтуынша, халық пен билік бір өзара мәмілеге келуі керек.

«Жалпы әлеуметтік тұрғыдан халықтың талабы орынды. Дегенмен ол талаптар заң аясында жүзеге асқаны абзал. Сол сияқты мәселені шешуде билік қана емес халық та зайырлы бола білгені дұрыс. Бастысы арандатушылықтан аулақ болайық. Елдегі әлеуметтік мәселелер Тәуелсіздіктің тұтастығына сызат түсірмеуі тиіс. Өйткені, қасиетті Тәуелсіздіктің алдында барлығымыз жауаптымыз», - дейді ол.