Ерболат Досаев зейнеткерлерді қолдау шараларын кеңейтуді тапсырды

Ерболат Досаев зейнеткерлерді қолдау шараларын кеңейтуді тапсырды
Сурет: Алматы қалалық әкімдігі

Сонымен бірге, әкім ардагерлер кеңесін қаржыландыруды ұлғайтуды тапсырды.

Алматы әкімі Ерболат Досаев Қарттар күніне орай ардагерлердің Алматы кеңесінің төрағасы Ахан Бижанов бастаған қалалық ардагерлер Кеңесі Төралқасының мүшелерімен кездесу өткізді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Отырысты ашқан Ерболат Досаев жастарды рухани-адамгершілік тәрбиелеу мәселелерінде аға буынның маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Ардагерлер кеңесі зейнеткерлер арасында мәдени-бұқаралық, спорттық, танымдық іс-шараларды ұйымдастыруға,сондай-ақ қаланың барлық қоғамдық-саяси іс-шараларына белсенді түрде  қатысады.            

«Сіздер біздің дәстүрлеріміз бен тарихымыздың мұра еткен әрі үлкен өмірлік тәжірибені, ақыл - парасатты иеленген зиялы тұлғасыздар. Қала әкімдігі өз тарапынан біздің егде жастағы тұрғындарымызға қамқорлық пен көмекті көрсету үшін қолдан келгеннің бәрін жасауда», - деді қала әкімі және Төралқа мүшелерін Қарттар күнімен құттықтады.

Кездесу барысында Алматыда қарттарды әлеуметтік қолдау, зейнеткерлерге медициналық қызмет көрсету және санаторий-сауықтыру шараларына назар аударылды. Жыл басынан бері Алматы әкімдігі 19 мыңнан астам зейнеткерге санаторий-сауықтыру бойынша көмек көрсетті, Коммуналдық қызметтерге жалпы сомасы 900 млн.теңгелік тарифтер өтелді. «Белсенді ұзақ өмір сүру» қалалық бағдарламасы аясында қаланың барлық аудандарында белсенді ұзақ өмір сүрудің 10 орталығы жұмыс істейді, онда егде жастағы адамдарға медициналық, оқыту және мәдени қызметтерден бастап арнайы қызметтер кешені көрсетіледі. Ағымдағы жылдың басынан бері орталықтарға 50 мыңнан астам адам келді. Орталықтар ашылған күннен бастап 1742 зейнеткерге медицина, білім беру, бос уақытты қоса алғанда, нақты бағыттар бойынша 49 мыңға жуық түрлі әлеуметтік қызметтер көрсетілді.

Алматы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ақан Бижанов бүгінгі таңда кеңес 237 мың адамды біріктіретінін айтты. Ұйым ҰОС ардагерлеріне, тыл еңбеккерлеріне және соғысты бастан өткергендерге қолдау көрсетеді. Сонымен қатар, зейнеткерлер үшін түрлі іс-шаралар өткізіледі. Өткен жылы кеңес ұйымдастырған іс-шараларға 52 мыңнан астам зейнеткер қатысты. Сонымен қатар, аға буын «Шыңға өрлеу» қалалық бағдарламасын орындауға белсенді қатысады, онда ардагерлер тәрбие жұмысының түрлі бағыттары бойынша аз қамтылған отбасылардан шыққан балалармен сыныптан тыс сабақтар мен кездесулер өткізеді.

Аудандарда жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы және өз ұсыныстарымен Алмалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Батай Қабылов, Наурызбай аудандық кеңесінің төрағасы Мәдениет Қаркенов сөз сөйледі.   

Талқылау қорытындысы бойынша Алматы әкімі Ерболат Досаев Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарының оң тәжірибесін кеңейтуді тапсырды.

«Ұзақ өмір сүру орталықтары аға буын азаматтарының әлеуетін іске асыру, ұзақ өмір сүруді ынталандыру және оларды белсенді қоғамдық қызметке тарту үшін жақсы құралға айналды», - деп атап өтті әкім және аудан әкімдеріне халықтың өсімін ескере отырып қамтуды талдауды және қосымша орталықтар ашу жобаларын әзірлеуді тапсырды.

Жалпы, орталықтарда егде жастағы адамдарды сабақтармен және бос уақытпен қамтуды 2 есеге арттыру жоспарлануда.

Ерболат Досаев санаторий-сауықтыру еміне квоталарды қосымша ұлғайту мәселесін пысықтауды тапсырды (ағымдағы нормаларға сәйкес алдағы жылы кемінде 3000 ардагер квоталарды пайдалана алады, 2022 жылы бұл қызметті 2230 адам қолданды). Егде жастағы адамдарды қолдау шараларын одан әрі дамыту үшін қала әкімі «Ардагерлерді қолдау жөнінде кешенді іс-шаралар өткізу» жобасын мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында қаржыландыру көлемін ұлғайту мүмкіндігін қарастыруды, сондай-ақ түрлі әкімшілік кедергілерді жою үшін құжаттар топтамасын үш жыл ішінде бір ақ рет қарауға көшуді тапсырды. Ардагерлер үшін мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың құны соңғы рет 5 жыл бұрын қайта қаралғанын атап өтеміз.

Еске салсақ, Алматыда Қарттар айлығы аясында қаланың барлық аудандарында мәдени-демалыс, спорттық іс-шаралар жалғасуда.