Эпидахуалымыз жауапкершіліктің жоқтығынан жақсармай отыр

Эпидахуалымыз жауапкершіліктің жоқтығынан жақсармай отыр
Сурет: 24.kz

Вирустың жаңа түрі ушығып тұрған кезеңде әр азамат өзі үшін, отбасы үшін жауапкершілік алуы керек.

 Ковидтық жағдайы асқынып тұрған қаланың басшысы Бақытжан Сағынтаев осылай дейді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz тілшісі.

Қаланың қазіргі ахуалы жайлы мәлімет берген әкім былай деді: «Күнделікті мәліметтерді ақпарат құралдарынан біліп отырсыздар. Бірқалыпты деңгейде тұрмыз. Бірақ осылай кете берсе, жағдай бұдан әрі нашарлауы мүмкін. Ол кезде денсаулық сақтау саласына да оңай тимейді. Сондықтан санэпидемиолог-дәрігерлердің талабына баршамыз бағынуға тиіспіз. Ол ең қарапайым – бетперде тағу, қашықтық сақтау, көпшілік жиынға бармау деген талап. Екі миллион тұрғыны бар қаланың 115 мың адамы ауырып жатыр деген статистика жақсы көрсеткіш емес.»

 Мегаполис басшысының айтуынша, қаладағы ушыққан жағдайға қарамастан, карантин талаптарына бағынғысы келмейтіндер де баршылық.

 «Жағдайдың барлығын түсіндіріп айтып, шара қолдансақ та, қызмет көрсету саласындағы кәсіпкерлер шектеуге бағынбай отыр. Біз оларды қанша жерден тексеріп, айыппұл салып, лицензиясын алып, сотқа беріп жатсақ та, олар жұмысты тоқтатпай отыр. Бұл деген ешқандай жауапкершіліктің жоқтығы. Екпе салдыруды тоқтатпауымыз керек. Алып-қашпа әңгімеден гөрі әркім өзінің денсаулығын ойлауы қажет», - деді Бақытжан Әбдірұлы.