Су үнемдеу технологияларын енгізу қажет

Су үнемдеу технологияларын енгізу қажет
Сурет: Gov.kz

Еліміздің оңтүстігіндегі егіс алқаптарында мажарстандық технология сынақтан өткізіледі. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов ауыл шаруашылығы алқаптарына арналған препараттар әзірлейтін мажарстандық Water&Soil компаниясының өкілдерімен кездесті.

Тараптар компанияның жаңа әзірлемелерін Қазақстанда қолдану мәселесін талқылады.

Атап айтқанда, Water&Soil топырақтағы ылғалды сақтау үшін органикалық препарат әзірлейді. Компания өкілдерінің айтуынша, препарат суару көлемін 40%-ға азайтуға мүмкіндік береді және өсімдіктерді құрғақ кезеңдерде де ылғалмен қамтамасыз етеді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақ Су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының қатысуымен еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі суару алқаптарында препаратты сынақтан өткізуге келісті. Сондай-ақ, Мажарстаннан келген қонақтар Қазақстанда өз өнімдерін шығаратын зауыт ашуға ниет білдірді.

«Қазақстанның оңтүстігінде өнімділікті төмендетпей, суармалы суды үнемдеу үшін озық су үнемдеу технологияларын енгізу қажет. Осы мақсатта жетекші шетелдік компаниялармен келіссөздер жүргізілуде. Егер сынақтар сәтті өтсе, отандық шаруалар тарапынан бұл әзірлемеге үлкен сұраныс болады», - деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.