Өңдеу өнеркәсібі өркендей ме?

Өңдеу өнеркәсібі өркендей ме?
Сурет: primeminister.kz

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің өңдеу өнеркәсібін одан әрі дамыту  шаралары қаралды.

8 айдың қорытындысы бойынша Ақмола облысында өңдеу өнеркәсібіне тартылған инвестиция көлемі 70%-ға, Ақтөбе және Ұлытау облыстарында өндіріс көлемінің 18%-ға төмендеген. Өңір әкімдері Марат Ахметжанов, Асхат Шахаров және Берік Әбдіғалиұлы мәселеге қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz. 

Баяндамашыларды тыңдаған Әлихан Смайылов Мемлекет басшысы Жолдауында еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыруды ең басты міндет ретінде айқынғанын еске салды. Бұл ретте кез келген мемлекеттің экономикасында өңдеу өнеркәсібі ерекше орын алады.

«Индустрияландыру картасы аясында биыл тамақ өнеркәсібінде, құрылыс индустриясында, машина жасауда, металлургияда және басқа салаларда 170 жобаны іске қосу жоспарланған. Бұл шамамен 12,5 мың тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді», — деп атап өтті Премьер-Министр.

Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Машина жасау саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспардың жобасы дайындалуда.

«Оны іске асыру осы саладағы өндірісті 2 еседен астам, экспорт көлемін 3 есеге, негізгі капиталға салынатын инвестицияны 1,5 есеге арттыруға мүмкіндік береді», — деді Әлихан Смайылов.

Биыл Жеңіл өнеркәсіпті дамытудың жол картасын өзектендіру жұмыстары аяқталады.

«Жалпы, өңдеу секторын дамыту бойынша барлық негізгі бағыттар мен міндеттер белгіленді. Енді оларды белсенді түрде іске асыруды қамтамасыз ету қажет», — деп атап өтті Премьер-Министр.