Еліміздің Ата заңы - әлемдегі ең жас Конституциялардың бірі

Еліміздің Ата заңы - әлемдегі ең жас Конституциялардың бірі
Сурет: Egemen.kz

Бүгін қазақстандықтар үшін айтулы күн! 30 тамыз - Конституция күні.

Биыл еліміздің Ата заңы 28-ге толды. Тәуелсіздік жылдары Конституцияға алты рет өзгеріс енгізілді. Ең соңғы рет Ата заңымыз былтыр республикалық референдум қорытындысы бойынша өзгерген еді.
Ата заңымызға қатысты тарихи деректерді Almaty-akshamy.kz Sputnik.kz дерекқорына сілтеме жасай отырып ұсынады. 

Конституция тарихы

Конституция – әрбір мемлекеттің ең басты заңы. Тәуелсіз Қазақстанның ең алғашқы Конституциясы 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданған болатын. Алайда ол ескі әкімшіл-әміршіл ережелерге сүйенгендіктен, қоғам талабына сай келмеді. Сол себепті араға екі жыл салып, 1995 жылы 30 тамызда жалпыхалықтық референдум негізінде елімізде жаңа Конституция қабылданды.
Жаңа Конституцияны қабылдау қарсаңында ұзақ мерзімді қызу жұмыстар атқарылды. Тұңғыш президенттің бастамасымен құрылған сарапшылар әлем елдерінің Конституцияларын мұқият сараптап, зерделеп шықты. Ресми мәліметтерге сүйенсек, құжатты талқылауға 3 миллионнан астам адам қатысқан.
Айта кетері, Қазақстанның Ата заңы әлемдегі ең жас Конституциялардың бірі саналады.

Қазақстан Конституциясы қалай өзгерді

28 жылда Ата заңға алты рет өзгеріс енгізілген: 1998, 2007, 2011, 2017, 2019 және 2022 жылдары.
Ең ауқымды өзгерістер 2022 жылы жалпыхалықтық референдум негізінде қабылданды.
Атап айтқанда, негізгі заңнан тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың барлық мәртебесі алынып тасталды.
Қазақстан суперпрезиденттік басқару формасынан күшті парламенті бар президенттік формаға көшті. Президенттің жақын туыстары саяси мемлекеттік қызметші, квазимемлекеттік сектор субъектісі басшысы лауазымдарын атқару құқығынан айырылды. Парламент депутаттарын сайлау жүйесі де өзгерді.
Елімізде Конституциялық сот құрылды. Өлім жазасына тыйым салынды.
Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар енді халыққа тиесілі.

Конституция не жайлы

Қазіргі Ата заңымыз 9 тараудан және 99 баптан тұрады. Конституцияның өзі мына сөздермен басталады:
"Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде мемлекеттiлiк құра отырып, өзiмiздi еркiндiк, теңдiк және татулық мұраттарына берiлген бейбiтшiл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзiлiк қоғамдастықта лайықты орын алуды тілей отырып, қазіргі және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершілігімізді сезіне отырып, өзіміздің егемендік құқығымызды негізге ала отырып осы Конституцияны қабылдаймыз".
Ата заңның 1-бабында Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтыратыны, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары екені айтылған.
Конституцияға сәйкес, мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық. Халық билікті тікелей республикалық референдум және еркін сайлау арқылы жүзеге асырады, сондай-ақ өз билігін жүзеге асыруды мемлекеттік органдарға береді.
Қазақстанда билікті ешкім де иемденіп кете алмайды. Билікті иемденіп кетушілік заң бойынша қудаланады.
Жер жəне оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады.
Қазақстанда мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады.
Қазақстан халықаралық құқықтың принциптері мен нормаларын құрметтейді, мемлекеттер арасында ынтымақтастық пен тату көршілік қарым-қатынас жасау, олардың теңдігі мен бір-бірінің ішкі істеріне араласпау, халықаралық дауларды бейбіт жолмен шешу саясатын жүргізеді, қарулы күшті бірінші болып қолданудан бас тартады.
Заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең. Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды.
Неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында болады. Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу – ата-ананың етене құқығы әрі міндеті. Кәмелетке толған еңбекке қабілетті балалар еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға міндетті.
Қазақстан азаматтары бейбіт әрі қарусыз жиналуға, жиналыс, митингі мен демонстрация, шеру өткізуге және тосқауылдарға тұруға хақылы. Бұл құқықты пайдалану мемлекеттік қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп, денсаулық сақтау, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мүдделері үшін заңмен шектелуі мүмкін.
Әркім Республиканың мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге міндетті.
Саяси себептер бойынша азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қандай да бір түрде шектеуге жол берілмейді. Конституцияның 11, 13-15-баптарында, 16-бабы 1-тармағында, 17-бабында, 19-бабында, 22-бабында, 26-бабы 2-тармағында көзделген құқықтар мен бостандықтар ешбір жағдайда да шектелмеуге тиіс.
Қазақстан Республикасын қорғау – оның әрбір азаматының қасиетті парызы және міндеті.
Қазақстанда ұлттық және мемлекеттік мереке күндері ресми түрде демалыс болып жарияланады. Егер мемлекеттік немесе ұлттық мереке демалыс күніне (сенбі, жексенбі) түссе, демалыс күндері бір күнге ұзартылады.
30 тамыз – Конституция күні мемлекеттік мереке саналады.