Елімізде көші-қон заңнамасын бұзудың 3093 дерегі анықталды

Елімізде көші-қон заңнамасын бұзудың 3093 дерегі анықталды
Сурет: Polisia.kz

Көші-қон заңнамасын бұзудың жолын кесу үшін 11 наурыздан бастап елімізде “Мигрант” жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр.

Полиция шетелдіктердің тұратын жерлерін, құрылыс объектілерін, базарларды, жалдамалы жұмысшыларды пайдаланатын ұйымдарды және жұмыс берушілерді тексеруде. Операцияның екі күнінде көші-қон заңнамасын бұзудың 3093 дерегі анықталды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

207 жұмыс беруші шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланғаны үшін, сондай-ақ полицияны өздеріне келген шетелдіктер туралы уақтылы хабардар етпегені үшін 1117 жеке және заңды тұлға жауапқа тартылды. Көші-қон заңнамасын бұзушыларды елімізден шығарып жіберу туралы 344 сот шешімі шығарылды. 39 шетелдік ел аумағынан мәжбүрлеп шығарылды. Олар енді Қазақстанға бес жылға дейін кіре алмайды. Көші-қон ахуалын талдау барысында шетелдіктердің елімізге заңды түрде кіретіні, тек кей жағдайда көші-қон заңнамасын бұзушылар санатына ауысатыны және бұған Қазақстан азаматтарының көмектесетіні анықталды.

Құқық бұзушылықтардың едәуір бөлігі шетелдіктерді тиісті құжаттарсыз жұмысқа тартумен байланысты. Мысалы, Түркістан облысында мектеп салумен заңсыз айналысқан 20 шетелдік анықталды. Маңғыстау облысының тас кенішінде рұқсат құжаттарынсыз жұмыс істеген Өзбекстанның 36 азаматы анықталды. Осыған ұқсас фактілер Алматы, Шымкент қалаларында, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында әшкереленді. Барлық құқық бұзушылар жауапқа тартылды.

Жамбыл облысында алты шетелдік азаматқа Қырғызстаннан заңсыз көші-қон арнасын ұйымдастырған екі қазақстандық азамат анықталды. Осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Алматы қаласында Африка континентінен келген екі әйелдің заңсыз боди-массаж жасаумен айналысқаны анықталды. Бұдан бөлек екі күн ішінде іздеуде жүрген 19 шетелдік қылмыскер құрықталды, олар біздің елімізде жасырынбақ болған. Сонымен қатар полиция мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту және елде заңсыз болу бойынша сегіз фактіні анықтады. Көші-қон заңнамасын бұзушылықтардың алдын алу және анықтау бойынша жұмыс жалғасатын болады.

Ақпарат көзі Polisia.kz сайтында: https://polisia.kz/qazaqstanda-migrant-zhedel-profilaktikalyq-is-sharasy-otkizilip-zhatyr/