Елімізде коронавирустан 343 адам емделіп шықты

Елімізде коронавирустан 343 адам емделіп шықты
Сурет: Ашық дереккөз

Алматыда 85 вакцина пункті жұмыс істейді

Өткен тәулікте коронавирустан 343 адам емделіп шықты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Almaty.tv-ге сілтеме жасап. Ал, жалпы індет басталғалы дертіне дауа тапқандардың саны 1 млн 293 899 адамға жеткен. Осы тұста екпенің 2-компонентін алу үшін Алматының өзінде 8 вакцина пункті жұмыс істеп тұр.
Соңғы ресми дерекке сүйенсек, ел бойынша екпе алғандардың саны 1-компонент үшін 1 млн 228 мың, ал 2-компонент деңгейінде 1 млн 161 мың адамнан асып отыр. Бұл қатарда жасөспірімдер мен жүкті және бала емізетін әйелдер де бар. Қалалық №3 емхана тұрғындар үшін вакцина салатын кезекті мекемелердің бірі. Мамандар індет қайта өршігелі мұнда келетін азаматтардың да қатары көбейгенін айтады.

«Ревакциналауға келдім бүгін. Профилактикалық тексеруден өтем. Қазір Алматы қаласында Ковид-19 қайтадан ушығып жатыр. Қайтадан қызыл зонаға кіруі мүмкін. Өзімнің денсаулығымды ойлаған жөн деп санаймын», – деді қала тұрғыны Равиль Жолдымбай.

«Эпидемия деген өте қорқынышты ғой. Өзімді былай қойғанда, жақындарымның аман болғанын тілеймін. Бұрын да екпе алғанмын, бүгін қайта екпе алу үшін келдім», – деді қала тұрғыны Ольга Козлова.  

Дәрігерлер екпе арасында ұзақ уақыт өтіп кетсе, адам ағзасындағы антиденелердің азаятынын айтады. Сондықтан, тиісінше уақытылы вакцина салғызған жөн.

«Бүгінгі күнге дейін біздің №3 емхана 1-компонентпен 41232 адам, 2-компонентпен 39 378 адам екпе алды. 29 039 адамға қайта егілді. Оның ішінде жүкті әйелдер, бала емізетін әйелдер, жасөспірімдер қамтылған», – деді қалалық №3 емхананың бөлім меңгерушісі Ақбаян Дәулетбаева.

Қазір Алматыдағы медициналық ұйымдарда 85 вакцина пункті жұмыс істейді. Ал, жалпы 99 бригадаға 313 қызметкер жұмылдырылып отыр.