Елімізде COVID-19 инфекциясының таралу коэффициенті төмендеді

Елімізде COVID-19 инфекциясының таралу коэффициенті төмендеді
Сурет: Gazeta.ru

Тәулігіне 20-ға дейін инфекция жұқтыру дерегі тіркелуде.

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев елдегі эпидахуал жайында түсініктеме берді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Елімізде COVID-19 бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты, тәулігіне 20-ға дейін инфекция жұқтыру дерегі тіркелуде, бұл инфекцияның таралу коэффициентіне де әсер етті, сәуір айынан бері бұл көрсеткіш 1-ден төмен. 

Науқастардың 98%-дан астамы сауығып шықты. Сәуірдің өткен кезеңінде наурыздың ұқсас кезеңімен салыстырғанда сырқаттанушылық деңгейі 8,3 есеге төмендеді (2 345-тен 280 жағдайға дейін). 

Эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес, 2022 жылғы 3 наурыздан бастап Қазақстан Республикасы және барлық өңірлер «жасыл» аймақта. Соңғы айда стационарлық ем алатын науқастар саны 5,7 есеге (588 – ден 102-ге дейін), амбулаториялық ем алып жатқан науқастар 3,4 есеге (5655-тен 1655-ке дейін), инфекциялық төсек орындарының жүктемесі 2,0 есеге 8-ден 4%-ға дейін, реанимациялық төсектер жүктемесі 3,5 есеге 7-ден 2%-ға дейін төмендеді. 

Бүгінгі күні коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинаның бірінші компонентімен 10,5 млн адам егілді, бұл иммундауға жататын контингенттің 83,2%-ын және жалпы халық санының 55,2%-ын құрайды. 

Екінші компонентпен 10,1 млн адам егілді, бұл екпе алуға тиісті тұрғындардың 81,0%-ы және жалпы халық санының 53,1%-ы. Тиісті контингенттің 90%-дан астамы 5 өңірде (Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстары және Шымкент қаласы) екпемен қамтылған. 

Ревакцинациядан 3,7 млн адам немесе тиісті контингенттің 59,4% өтті. ДДСҰ мәліметтері бойынша, соңғы аптада ауру барлық аймақта 24%-ға төмендеген, алайда әлемнің 56 елінде аурудың 2-ден 300% - ға дейін өсуі байқалады, оның ішінде БАӘ-де соңғы аптада аурушаңдық көрсеткіштері 2%-ға, Үндістанда 55%-ға, Черногорияда 29%-ға, Перуде 26%-ға өсті, Египетте 115%, Қытайда 138%, Финляндияда 300% артқан. Сонымен қатар Қытайда Омикронның Stealth нұсқасының таралуына байланысты сырқаттанушылықтың күрт өсуі байқалады, наурыздың бастапқы мерзімімен салыстырғанда ауру симптомдары бар науқастардың тәуліктік саны 5,0 есе, симптомсыз науқастардың саны 1,2 есе жоғарылаған. Қазіргі уақытта тәулігіне 18 мыңнан астам жағдай тіркелуде. 

«Құрметті қазақстандықтар! Аурудан ең сенімді қорғаныш - вакциналау және уақытылы жасалған ревакциналау. Адамдар көп жиналатын орындарда бетперде киюді жалғастыруға кеңес береміз, бөлмелерге таза ауа кіруі үшін терезелер мен есіктерді ашып, жиі желдетіп тұру қажеттілігін еске саламыз», - деді Ержан Байтанаев.