Елімізде CNN телеарнасының өкілдігі ашылуы мүмкін

Елімізде CNN телеарнасының өкілдігі ашылуы мүмкін
Сурет: Ednews.net

«Хабар» агенттігінің басқарма төрағасы Берік Уәли АҚШ-тың CNN International Commercial компаниясының стратегиялық серіктестік жөніндегі вице-президенті Константинос Ойкономоу, сондай-ақ контент сату және лицензия беру департаментінің директоры Валид Чамакпен кездесті, деп хабарлайды  Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

«Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықты кеңейту, әлемдік тележурналистикадағы үрдістер, жаңа технологиялар жайлы пікір алмастық. Костас Ойконому CNN телекомпаниясы Орталық Азияның, оның ішінде бірінші кезекте Қазақстанның медиа-ресурстармен әріптестік қатынас орнатып, нығайтуға мүдделі екенін жеткізді», - деп жазды Берік Уәли әлеуметтік желідегі парақшасында.

Оның айтуынша, CNN тренинг ұйымдастыру, эксклюзивті ақпарат алмасу, CNN-нің Қазақстанда өкілдігін ашу сияқты ұсыныстарын жеткізген.

«Біз өз тарапымыздан олар ұсынатын қызметтерді саралап, агенттік мүддесіне сай келетін жобаларды бірлесе қарастыратын болып уағдаластық», - дейді «Хабар» басшысы.