Елімізде 60 мың бала аутизм дерті бойынша тіркеуде тұр

Елімізде 60 мың бала аутизм дерті бойынша тіркеуде тұр
Сурет: Polyclinika.ru

Бірақ көрсеткіш бұдан көп болуы мүмкін.

Өйткені сыры беймәлім дертті дер кезінде анықтау кенже қалып келеді. Алматыда өткен «Аутизм. Жаңа мүмкіндіктер» атты халықаралық конференцияда ғалымдар мен педагог-психологтар аутизмге шалдыққан балалармен жұмыс істеудегі озық әдістемелерді ортаға салды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 24.kz-ке сілтеме жасап. 

Әлемде 80 млн адам аутизмнің азабын тартып келеді. Ал Қазақстан бұл дертке осыдан 10 жыл бұрын ғана назар аударып, ерекше балалармен жұмыс жүргізіле бастады. Бүгінде елімізде 11 аутизм орталығы бар. Онда 200-ден астам маман өз әлемі бар ерекше балаларды ортаға қосу үшін еңбек етіп келеді. «Халықаралық әдістемелерге негізделген арнайы бағдарламалар бойынша аутист балалардың өмірлік, әлеуметтік дағдыларын қалыптастыруға болады», - дейді мамандар. Ең бастысы - ерте диагностикалау.

«Баланың айналасымен қарым-қатынас жасағысы келмеуі - аурудың бірінші белгісі. Сондай-ақ бала зер салмаса, есімін атағанда қарамаса, ата-аналар оған мән беруі керек. Тек ойыншық ойнаумен шектелсе, қабырғадан қабырғаға жүгірсе, эмоциясын көрсетпесе, мұны дабыл деп қабылдау керек. Мұндай қылықтарды баланың бойынан 1,5-2 жасында аңғаруға болады. Егер осындай белгілер байқалса, мамандарға жүгінген дұрыс», - дейді аутизм орталығының жетекшісі Альмира Калимова.