Қазақстанның әр азаматы мүлік үшін жауапты болуы керек - Мәжіліс депутаты

Қазақстанның әр азаматы мүлік үшін жауапты болуы керек - Мәжіліс депутаты
Сурет: Inbusiness.kz

Еліміздегі олигархтар жылу электр орталығын қайтару кезінде барлық шығынды өтеуі тиіс.

Бұл туралы Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

Бүгін Парламент Мәжілісінде тілшілер депутаттан «Екібастұзжылуэнерго» ЖШС құрылтайшысы Александр Клебанов жылу электр орталығын мемлекетке қазіргі жағдайында бере салуы мүмкіндігі туралы сұрады.

«Қазақстанның әр азаматы осындай мүлік үшін жауапты боулы керек. Егер Клебанов осы нысандарды мемлекетке қайтаратын болса, халыққа және мемлекетке келтірілген залалды өтеуі керек. Екі күн бұрын әкімдікте жиналыс болды, оған Клебанов та келді. Сол кезде осы жайында оған айттық. Оның айтуынша, аталған нысанды бір теңгеге мемлекетке сатпақ. Біз өз кезегімізде олай болмайтынын, яғни бірінші кезекте кәсіпорынды иелікке алған кезде оның жағдайы мен қазіргі ахуалын салыстырып, соның айырмашылығын анықтап алуды талап еттік. Осы орайда кәсіпкер бұл айырмашылықты төлеуі тиіс, сондай-ақ Екібастұздың тұрғындарына келген шығынды өтеп беруі керек», - деді Е. Саиров.

Оның айтуынша, еліміздегі олигархтар жылу электр орталығын қайтару кезінде барлық шығынды өтеуі тиіс. Себебі бұл желілердің көбі жеке меншікте.

«Сондықтан олигарх топтар тұрғындардың тағдырына жауапкершілікпен қарауы керек», - деді депутат.