Елімізде 190-ға жуық қана қар барысы қалыпты

Елімізде 190-ға жуық қана қар барысы қалыпты
Сурет: интернеттен

Әлем бойынша 6 мыңға жуық қар барысы қалған.

Самарқанда бас қосқан сарапшылар әлемде сирек кездесетін аңды сақтап қалудың жаһандық бағдарламасын жүзеге асыруға уағдаласты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Қар барысын қорғауды бірнеше мемлекет бірігіп қолға алады. Жиынға қазақстандық экологтар да қатысты. Таулы аймақты мекендейтін барыс әлемнің 12 елінде кездеседі. Соның бірі –  Қазақстан. Жаһандық жылыну мен мұздықтардың еруі салдарынан барыстар жүретін экожүйе тарылып барады. Сондықтан ынтымақтаса әрекет етудің маңызы зор.

Барыс мекендейтін елдердің экология министрлері мен халықаралық қаржы ұйымдарының өкілдері бірлесіп, қар барысын қорғау бойынша қарар қабылдады.

«Қазақстанда қар барысының тұрақты өсімі байқалады, бұл қуантарлық жағдай. Қазір елімізде барыстардың саны 190-ға жуықтайды. 15 қорық пен ұлттық саябақтарды мекендейтін бұл жабайы аң мемлекеттің ерекше қорғауында. Қар барысының популяциясын сақтау бойынша жүргізілген шаралар оң нәтижесін беріп келеді», деді ҚР ҒЖМ зоология институтының өкілі, қар барысын бақылау орталығының жетекшісі Алексей Грачев.