Еліміз қант тапшылығы мәселесін қалай шешеді

Еліміз қант тапшылығы мәселесін қалай шешеді
Сурет: Ашық дереккөзі

Қантты шетелден әкелу 2-3 ай уақытты алады

3 айға жететін қант шикізатын сатып алу үшін қант зауыттарына мемлекет тарапынан аз пайызбен несие беріледі. Бүгін Астанада өткен қант зауыттарының басшылары мен Сауда және интеграция министрлігінің бірлескен жиынында тараптар осындай меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Қант зауыттарын қаржыландыру бұрын болмаған. Осы жаңа бастама болып отыр. Бұған дейін Үкімет отырысында осыған қатысты жаңа ұсыныстар айтылды, ережелер мақұлданды. Бұған 4 қант зауыты, ақша беретін сауда желілері және көптеген жеткізушілер қатысады. Осы меморандум аясында атқарылатын жұмыстар қант мәселесін толық шешіп береді. Дегенмен қант зауыттарына да қойылатын арнайы талап бар. Олар біз беретін ақша есебінен өндіріске қажет барлық құрал-жабдықтарды сатып алуы тиіс. Нақты айтсам, барлық техникалық базасын жаңартады. Қазір Ауыл шаруашылығы министрлігі қант саласы бойынша өзінің бағдарламасын қабылдады. Білуімше, 2027-2028 жылдарға қарай өзіміздің қызылшадан жасалатын қант 7-ден 43 пайызға өседі», - деді Ержан Қазанбаев.

Оның атап өтуінше, қант зауыттарын қардыландыру үшін жалпы сомасы 43 млрд теңге қаражат қарастырылған. Бастапқыда бұл ақшаға еліміздегі 4 ірі қант зауыты үш айға жететін шикізат қорын сатып алуы тиіс. Яғни, 140-150 мың тонна қант.

«Бұл процесс ұзақ мерзімді талап етеді. Өйткені, қантты шетелден әкелу 2-3 ай уақытты алады. Біз бұған дейін сауда желілерімен, қант зауыттарымен және басқа да құзырлы орган өкілдерімен кездестік. Ортақ шешім, жеңіл механизм таптық. Ірі көтерме сауда орталықтары мен сауда желілері беретін қаржының пайызы мен өзге де шарттарын олар өздері бекітеді. Ал біз, яғни әкімдіктер арқылы берілетін несиелердің үсемеақысы өте аз. Атап айтсам, оның үстемақысы 00,1 пайыз ғана болмақ. Ол біздің қант зауыттарына барынша тиімді болуы үшін жасалып отыр», - деп атап өтті Ержан Қазанбаев.

Еске салайық, бұған дейін Сауда комитетінің төрағасы Ержан Қазанбаев алдағы уақытта қант тапшылығы орын алмайды және оның бағасы төмендейтінін мәлім етіп еді.