Елена Рыбакина Чехиядағы турнирдің финалына өте алмады

Елена Рыбакина Чехиядағы турнирдің финалына өте алмады
Сурет: Ашық дереккөзі

Осы жарыста қазақстандық Анна Данилина да жұптық сында финалға шыға алмады

Қазақстанның бірінші, әлемнің 26-ракеткасы Елена Рыбакина Острава (Чехия) WTA 500 турнирінің финалына өте алмады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Е.Рыбакина жартылай финалда әлемнің 23-ракеткасы, чехиялық Барбора Крейчиковамен финалдың жолдамасын сарапқа салды.

Қазақстандық теннисші матчты сәтті бастап, бірінші партияны сенімді ұтты – 6:3.
Екінші сетте тай-брейкте Б.Крейчикованың жолы болды – 7:6 (7:4).

Үшінші, шешуші партияда чехиялық спортшы таразы басын өзіне аудара білді – 6:4.
Екі сағат 24 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында Е.Рыбакина 17 эйс жасап, 6 брейк-пойнттың екеуін ғана пайдаланды. Қарсыласы 2 эйс, 2 брейкпен көзге түсті.

Б.Крейчикова финалда әлемнің 1-ракеткасы, Польша өкілі Ига Швентек немесе рейтингте 21-сатыдағы ресейлік Екатерина Александрованың біреуімен ойнайды.

Осы жарыста қазақстандық Анна Данилина да жұптық сында финалға шыға алмады. Ол бразилиялық Беатрис Хаддад Майямен бірге жартылай финалда поляк теннисшісі Алисия Росольска – жаңазеландиялық Эрин Рутлифке жол берді – 4:6, 2:6.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Чехиядағы ірі жарыстың жартылай финалына шыққанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Астана турнирінің жартылай финалында Новак Джокович пен Даниил Медведев кездеседі.
Теннисші Тимофей Скатов Италиядағы турнирдің финалына шықты.
Новак Джокович Астана турнирінің финалына шықты.