Ел тарихы дәуірлер қойнауында жатыр

Ел тарихы дәуірлер қойнауында жатыр
Сурет: Ru.kinorium.com

Бай мұра!

Әлемге әйгілі қаламгер Виктор Гюго «Ерлік өнегелері тарихты нұрландыра түседі және ол өнегелер - адамдарды алға жетелейтін жарығы мол шамшырақтардың бірі» депті. Сол сиқты халқымыздың тарихы терең. Біз өзіміздің өткенімізге зер салсақ, талай тарихатқа куә боламыз. Нәтижесінде "Қайдан шықтық? Кімдермен туыстық байланысымыз бар?" деген сан салалы сауалдарға жауап табамыз. Тек тауып қана қоймай, көптеген сырларға қанығамыз. Көне ғұн, сақ, берісі түркілік кезеңге тап боламыз. Ал Қазақ хандығы өз алдына бір шежіре. Көбіне тарихты айтқанда, қазақ өзінің түркі жұртынан тарайтынына көз жеткізе түседі. Ал сол шежіренің бір парасын ағытсаңыз, арғы жағы ұршық иірі болмас тарихи жәдігер деп айтуға толық негіз бар.

Қазақ тарихы туралы кезекті жазбамызды тереңдетіп тарқатуды жөн санаймыз. Бұл  ретте тарихшы, этнограф, жазушы әрі ғалымдар ойына сүйене отырып қарастырғанды абзал көреміз. Өйткені оларды жазбалары қазақтың арғы бергі шығу тегін, салт-санасын, түркі қағанатын зерделеуде таптырмас шамшырақ болады. Сондай ілімдар қаламгердің бірі Мұхтар Мұқанұлы Мағауин еді. Тарих зерттеушісінің еңбектерін негізге алып, біршама талдау жасаған едік.

ПАЙЫМ МЕН ПАРАСАТ

Мағауиннің түркілік сарындар, мемлекетшілдік, оны нығайту сынды тақырыптар астарлы түрде жеткізілген әңгімесі «Құмырсқа қырығын». Бұнда тұтас түркілік, жалпыға ортақ құнды идеялар қылаң береді.

Жаңашылдық, жаңа көзқарас, бұрын-соңды көптің көкрегіне келе бермейтін, оқиғаны басқа жақтармен әкеліп бейнелеу, мейілінше астарлап, айтарын тұспалдап жеткізуде ерекшелік таныта алған. Қашанда бір сарынмен жазылған прозалар оқырманды жалықтырары мәлім. Қоғам әрдайым қайнау процесінде болып, әрқашан бір орында тұра бермейді. Бір кездерде тіке, өз атынан баяндаған немесе кейіпкерді сөйлету арқылы жазылған шығармалар бүгінде оқушыны өзіне баурамауы бек мүмкін. Сол себептен, заманнан қалмай, қайта адамзатқа тағылым тарататын туынды болғаны абзал. Ол үшін қажетті тетікті білу керек. «Әдебиетіміздегі жануарлар, хайуанаттар өмірін, жәндіктер тіршілігін суреттейтін философиялық шығармаларды қарастырғанда, көрнекті қаламгер М.Мағауин шығармаларын ерекше бағалауға болады». 

Мағауин өзінің үйінің жанындағы күнде көбіміз зер сала бермейтін, тек жәндік есебінде қарайтын кішкене тіршілік иелері турасында ой бастайды. Әдебиеттегі әңгіме жанры жинақы, оқырман оқуына жеңіл бірақ, айтар ойы салмақты.

Сонымен Мағауин үйді сатып аларда егесінен құмырсқаның қырық жылдан бері осында мекен ететінін, құмырсқа арқасында алма ағашы тап-таза, шірік баспағанынын айтады. «Жазудан бос уақытта, яғни түстен кешке дейін, бау ішінде, ағаш басындағы әр түйіршікке, жаңадан бүр жарған бұтақтарға қарап, таза ауамен тыныстап жүрем де қоямын. Немесе, тіпті, көбіне-көп, құмырсқа илеуін тазалап тұрам. Шынында да ғажайып жәндіктер. Мына бір илеу – тұтас бір әулет немесе мемлекет. Ерекше тіршілік жүйесі, бағыдан бекіген, бұлжымас заң-жарғылары, басқару рәсімдері бар. Әрине, өзіндік үлгі, бөтен бір өлшемдегі қоғамдық құрылым».

Академик С.Қирабаев: «Әр халықтың қаламгерлері өз ұлтының тағдырын, өмірін жазуға тырысты. Әдебиет ұлттық категория болып қалады», – дейді. Расында, автордың сөз оралымдарынан, түркілік идеяға саятын тұщымды ойларды, терең мағыналы пайымдарды аңғаруға болады. Мәтіндегі «мемлекет», «заң-жарғылар», «қоғамдық құрылым» сияқты сөздер түркі жазбаларындағы  мотивтерде де жиі қайталанады. Тарқатар болсақ, мемлекеттің тірегі – заң, ал заңның тірегі – қоғам. Түрколог ғалымдардың пікіріне сүйенсек, түпкі мазмұн осыған саяды.

Адам баласының даму тарихында рулық пен тайпалық, одан шығып еркіндікке даралыққа ұмтылу, тағдырдың сан-түрлі сүрлеуіне ұшырау, түбінде бір нәтижеге жетуге ұмтылу заңды құбылыс. Барлығын санамалай келе, түркі заманына дейін бірнеше мың жылдар бойы халықтар өз мемлекетін құрды, оны бір мекеннен екінші жайға көшірді. Жаңа мемлекеттердің структурасы ойласып, белгілі бір деңгейде жасалды. Бірінің артынан бірі сөніп, ендігі бір жерде мүлде басқа бағыттағы дәулеттер құрылды. «Мемлекет белгілі бір аумаққа иелік етіп, сол жердегі халықтың еркін дамуына мүмкіндік беретін, қоғам табиғатынан туындайтын ортақ істерді атқаруға қажетті басқарудың жоғарғы дәрежеде ұйымдасқан жүйесі, саяси билік ұйымы...». Суреткер осы тұрғыда, адамзат баласы басқаратын мемлекеттік жүйені, құмырсқаға теліп көрсете білген.

ТҮБІ БІР – ТҮРКІ

Түркілік жазбалар елдің бас ордасы жиі айтылып, сол жайында мадақтау сөздермен әспеттеледі. «Алты қанат ақ орда», «елорда», «бас шаһар»  деп келетін сарындарды жиі байқалады. Яғни сакральды ұғыммен парапар. Қасиетті, киелі орын, мекен ретінде мағыналанады. М.Мағауиннің «Құмырсқа-қырғын» әңгімесінде ендігі бір жиі кездесетін сарын - ол илеу.

Илеу – құмырсқалар мемлекетінің бас ордасы, берік ұйытқысы ғана емес, негізгі мекен-тұрағы.

Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде орда сөзіне мынадай анықтама беріпті: Орта ғасырлардағы көшпелі елдердің ұлыстық, мемлекеттің атауы, әкімшілік саяси басқару орталығы, ел билеушілер тұрағы.

Орданы қорғау, оны жау қолына бермеу, ол берілсе, мемлекет құлайтыны турасында ескі жырларда үнемі жырланған. Сондықтан оны әспеттеу тек мемлекет басқарушыларының ісі ғана емес, тұтас елдік борыш болып есептелген. Жәндіктердің ішінде құмырсқа өзінің ортақ илеуін ешкімге алдырмайды, құлатып, жаншысаңыз, барынша қарсыласады, дене мүшемізге өрмелеп, ойламаған сәтте шағады. Жәндік екеш жәндік те өз ордасын қорғайды, адам да солай дегенді тұспалдаған. 

Орда барша исі түркінің танымында мынадай қасиеттерге ие:

  • Құтты мекен;
  • Қасиетті орта;
  • Мемлекеттің саяси-әлеуметтік жүрегі;
  • Шешімдер шығарылатын жер;
  • Негізгі әскери орталық;
  • Ел тағдырын айқындайтын астана.

Құмырсқа жолы адамзат баласының тағдырына ұқсас. Қаламгер құмырсқалардың арасындағы әртүрлі нәсілді айтып отырып, олардың да жанжалдасатынын, тіпті олардың қырқысының соңы қанды қырғынға ұласатынын айтады. Тек тіршілікті күйіттеп жүребермей, қайта мықтылықты асыру, әлсіздік көрсетпеуге ұмтылатынын жеткізген.

Мен құмырсқа нәсілінің екі әулеттің тіршілік үшін күресіне қызықтай қарап, таңырқадым да қойдым. Қоңырлар көп еді. Әрі зор, әрі қайратты, түптеп келгенде жеңілмеуге тиіс. ... Өзіме өзім риза болып, рақаттанып күліп алдым. Жеті қат көктің төріндегі Ақсақал жердегі мына бізге қарап, дәл осылай масаттанып отырған шығар. Кейбір кездерде ол Кісі... Кісі емес, Тәңірі тағалам өзі араласып кететін тәрізді ғой. Мәселен, меймананасы тасыған, енді бүкіл жер-жиһанды жалмап жеуді ойлай бастаған түрік-мұсылман әулетіне қарсы Ақсақ Темірді шығарғаны сияқты. Енді аналар күш алып тұр. Әрине, бұлай жібермейді. Кезегі тақау... Міне, мың сан құмырсқаның менің еркімде тұрғаны сияқты.

Олай болмады менің еркімде емес екен.

Тегінде, астарлап айтылып тұрған ауыспалы мағынаны автор әңгімеде өзі жауап қатып тікелей бағытқа өтеді. Оның Ақсақ Темірді мегзеуі және барша түркі-мұсылманға шектірген азабын сөйлем арасына қосқан. Бір қырынан алғанда, барша еуразия даласына даңқы шыққан Әмір Темірдің әрекетіне өкінішті, өз бауырына жаны ашымады, туыстас мемлекеттерге мүдделес болмады дегенді алға тартады. Бәлкім, солай да болуы ғажап емес, бірақ бұған тарихи тұрғыда баға әлі күнге берілген жоқ.

Әңгімедегі оқиғаларға зер салып қарар болсаңыз, ондағы түркілік сарындарға назар аударасыз – бір. Екіншіден, саяси тақырыпты, мемлекеттің басындағы ахуалдан хабар аласыз.

Көз алдымда жүріп жатқан құмырсқа қырғынын өз басымнан өткен қан майдандармен шендестірдім. Қалқа мен Легница... Құндызшы мен Терек... Ворскла мен Ташкент... Жоқ. Қиратып жеңдік. Ойсырап жеңілдік. Тағы да үстем шықтық. Қайткенде де нақты бір нәтиже болды. Ал мынау... Каталаун қырғыны екен. Кім жеңгені белгісіз. Ақыр түбі екі жақ та оңбаған. Қанға батқан. Түп тамырына балта шабылған. Арада бес жыл өтпей Рим құлады. Он жыл ішінде Ғұн ордасы ыдырады. Сірә, жаратушы ием екеуінің де күнін батырғысы келген. Ал мына жауынгер құмырсқалар арасындағы аяусыз майдан, айналасы қырық-елу шаршы метр жердегі құмырсқа қырғынды адамзат тарихындағы бетбұрыс Каталаун соғысымен салыстыру тіпті де орынсыз емес еді. Жеті қат көктен қарағанда, біздің адам баласының құрт-құмырсқадан айырымы қанша? Қайткенде де артық емессің. Мүмкін, кем шығарсың. Құрт-құмырсқа мына сен сияқты жер-әлемді бүлдіріп жатқан жоқ қой. Бар күресі – табиғи тіршілік төңірегінде.  

Түгел түркінің империя құрып, өздерінің ежелгі атамекендерін қайтарып, оны қайта қалпына келтіру, бір кездері өздері уысынан жіберіп алған, ата-бабасының қонысы, құтты мекені, бір кездері жайлы орны болған жерді ұрпақтары арада біраз уақыт өткеннен кейін қайтарып отырған. Сол ұлан-ғайыр атырапты билеген түркі жұрты, бір шеті Рим патшалығына дейін барған. Сақ кезеңінен Ғұн мемлекеті, берісі түркі жұрттарының Орталық Азияның көптеген жерлеріне иелік етті. Қаншама зауалды заматтарды өтті. Осы аумақта мәдениеттер алмасуы, дамуы болды. Бірақ та түркілік сипаты, түркілік бояу өзектілігін сақтады. Бұны түрколог Ж.Бейсенбайұлы: «Алғашқы ғасырларынан бастап, осы байтақ аумақта соған дейінгі талай мыңжылдық бойы, өзара жалғасып, бірін бірі құнарландыру үдерістерін бастан өткеріп келе жатқан арғытүркілік сипатты мәдениеттердің археологиялық, этнотектік, генологиялық тұрғыдағы ортақ тіні үзілген жоқ» деп қуаттайды.

Түркілік сарындардың ең негізгі жырланатын тақырыбын екі топқа бөліп қарастырамыз. Ол:

  • түркі жұртының ауызбіршілігі;
  • түркінің ел бастаған бектері, қағандары, хандары, билері мен батырларының ерлігі, өнегелі істерін үлгі ету.

Әдебиеттің мұраты – адамды пендешіліктің тот басудан арашалау. Әдебиеттің мақсаты - адам атты құпияның ішкі-сыртқы әлемін, пиғыл-ниетін астастыра айшықтау, ашу. Адам атты небір кереметіңе шаң алдырып, шаша қақтырмас ғажайыптың құпиясы, құлпы көп. Соның бәріне кілт табу... Жазушы атаулының сол кілтті тапсам деп талпынбайтыны кемде-кем» деп жазады ғалым Қ.Мәдібаева. Егер жазушы ұлттық тарихқа меңзеп, тек тарихи оқиғаларды астастырып бейнелеп, оны жануарлар арқылы бейнелегісі келсе, міндетті түрде сарынға жүгінеді. Одан айналып, басқаша қырлар арқылы туынды шығару шалалықты білдірер еді. Сондықтан әрбір қалам ұстаған жанның зердесі сол этнос, ұлт немесе халықтың тарихына терең бойлаған жөн. Сонда ғана мықты шығарма өмірге келеді.

Енді бұның екінші жағы да бар. Әуелі шығарма жазбастан бұрын сюжет желісінде жиі қайталанатын, шығармаға көркемдік қасиет, шырай беретін детальдарды біліп алғаны абзал. Көбіне аталған детальдарды алыстан емес, тарихи гензистен қарастырса, дұрыс болмақ. Сол үшін авторға көмекші құрал сарындар болмақ. Біздіңше, М.Мағауин - түркілік сарындарды керемет үйлестіруші архитектор.

  • Ол, біріншіден, сюжеттің композициясын жазарда мотивтердің алар орнын, реттік қолданысын жете меңгерген.
  • Екіншіден, оқиғалар тізбегіне үнемі түркілік сарындарды сәтті енгізген.

Шығармада түркілік сарындарды қолдануда мейілінше, сақтық, дәлдік қажет. Кіші көлемді жанрда мотивтер арқылы ұлан-ғайыр атырапты, байтақ даланы, адамзат баласының рухани жан әлемін, характері мен этикасын, әсемдігі мен эстетикасын, бітім-болмысын, іс-қарекетін, түрлі психологиялық жағдайларды, кейіпкердің қандай да бір әлеуметтік топқа жататынын және бойындағы ізгілік қырларын, сол арқылы дүйім жұрттың, барша елдің, тұтас мемлекеттің, дәуірдің ақиқатын шағын дүниеге сыйдырып, бейнелеу керек. Өйткені, бұрынғы дәстүрге иек арту, астастырып суреттеу құралдарының тарихи сабақтастығы, мотивтің проза жанрында кездесуі, оның табиғи динамикасына әсер береді. Қазақ шығарларында түркілік сарындарыдың кездесу динамикасы күрделі.

Ұлттық сана - ұлттық болмыстың негізі. Әрбір халықтың жүріп өткен жолы, бітімі, шежіресі төл обьективті заңдары нәтижесінде қарыштап дамиды. Сонымен қатар қаламгер алдында әрдайым тың тараптан танылып, көрініп отырады. Дүниенің жетілуінің осындай  обьективті бағдары, жаңаша аспектілері бұның көрінісін бедерлеуге сай келетін элементтер мен пішінді талап қылады.

Ақыры, күн бесіннен өткенде бәрі де бітті. Үш күн бойы ұрыс даласы тып-типыл болды. Екі жақ та түгел қырылып таусылды. Тыпырлаған, бүктеле шиыршық атқан, енді қайтып қатарға қосылмас жаралылар болмаса, тірі қалған бір құмырсқа көрмедім.   

Қаламгер қан-кескі ұрыстарды шығармада бейнелеп отырған. Сол арқылы түркі баласының тынышсыз, ат үстінде өткен ғұмырын, шымалдардың қырғыны нәтижесінде жеткізген. Түркілік сарындардың оқтын-оқтын кездесетіні шығарма бойына әсер беретінін мәтінге қарап аңдаймыз. Мұндағы соғыс тек құрт-құмырсқаның ара-қатынасындағы ұрыс емес. Бір қарағанда, жай солай да көріне салуы мүмкін. Дегенмен тарихи шығармаларды оқып, жадына кешегі өткен майданның, ондағы ауыр шайқас даласының қанға бөккен, азат күнді аңсап, өз Отанын сыртқы дұшпаннан қорғаған батыр бабалардың ерлігі еске оралады. Олардың ауыл, аймақ, дүйім елді бастап, шаһид кешу, көзсіз батырлыққа бару сынды іс-әрекеттері осы жануарлар жайындағы шағын ғана әңгіме жанрына сиып кеткен. Көлемі ықшам, бір деммен оқып шығуға жеңіл көрінгенімен, мұнда жалпы түркі дейтін алып бәйтеректің, ондағы өмір сүрген халықтардың өр рухы, қайтпас қайсарлығы, атадан балаға мирас, болған киелі жерді қасыққаны қалғанша қорғауға барын салатынын автор жете сезінген. Сол мақсатта оны тікелей жазбай, күнделікті наузар сала бермейтін жәндіктердің басындағы оқиғасына теліп суреттеген. Суреттеуде жазушы тарапынан үлкен, ауыспалы мағына, тұщымды пайым, парасатты дүние бар.

«Құмырсқа-қырғын» әңгімесі туралы оның астарында түркілік сарын, қала берді ұлттық құндылық, әлі ешбіріміз тұспалдай бермейтін ащы шындық жатыр. Осында қозғалмаған тақырып, айтылмаған аңыз аз. Мүмкін, КСРО заманда туар болса, қаламгерге тағылар айып айтудың өзі қиын. Бұл жайында Т.Жұртбай: «Егер бұл әңгіме кеңес кезінде жазылса, онда Мұхтар Мағауин тірі классик емес, нағыз алашшыл ұлтшыл, буржуазияшыл диссидент атанар еді» деп баға беріпті.

Бұл шығармада  «тәңір құты», «мелекетшілдік», «бұқара мен әскер» сынды түркілік сарындардың астарындағы терең идеялар жатыр. Жалпы іргелес тұратын ежелден көрші көне қытай философиясында «өмір – құдайдың сыйлығы» және әлем екі қарама-қайшы космостық күштердің  – нәрсе ақ пен қарадан, жарық пен қараңғылықтың соқтығысуы салдарынан әрқашан өзгеріске түсіп отырады деп санайды. Қытай ғұламасы Конфуций, мәңгі мызғымайтын, әлеуметтік тәртіптің моделін құрауды мақсат етті.  Кун Фу Цзы: «патшасы әділ әрі әділетті, әскері батыл әрі шын берілген, шаруалары адал да еңбекқор, әйелдері нәзік те адал, жері құналы әрі бай патшалықты» арман еткен екен. Расында, түркі бабалардың да арманы осындай мықты қуатты, барлық жағынан бекінген ел құру болатын. М.Мағауин түркілік сарындардың түпкі мазмұнын, астарын сезінген, келтірілген мақсаттарды тұспалдап, әрі оны әсерлендіре түскен.  

ТОПТАУ

Қорыта түйін шығарғанда ойға әуелгі келер ой біреу – бай шежіре. Ендеше осыншама жауһар рухани жәдігерлері бар ел болашаққа нық қадам баса алады деп қадап айта аламыз. Ол үшін біздерге ең алдымен керегі - бірлік. Сондай-ақ сол тарихты жаңғыртатын білімді ұрпақ қажет дегіміз келеді. Ал қазақ жұртында осы аталғандардың барлығы кездеседі әрі бар демекпіз. Еліміз өркендеп, құлашын кеңге жая бергей!