Экономиканы дамытудың бірегей жолы

Экономиканы дамытудың бірегей жолы
almaty-akshamy.kz

Былтыр Алматыға 1 800 000 турист келген

Осыдан бірсыпыра уақыт бұрын Мемлекет басшысы шетелдік инвесторларды тарту арқылы туристік инфрақұрылымды дамытуға қажетті жағдай жасау маңыздылығын атап айтқан. Бұл шаруа еліміздің бүкіл тіршілігіне қан жүгіртіп, экономикасын өрге бастыру үшін қажеттіліктен туындап отыр. Бастама былтыр шаһар басшысы мен бизнес қауымдастықтың кездесуінен басталған болатын. Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев пен «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Райымбек Баталовтың кездесуінде туризм жөніндегі кеңес құру қуатталған-тын.

Шаһардағы «Атамекен» ҰҚП баспасөз қызметі хабарлағандай, таяуда өткен аталмыш кеңестің бірінші отырысында, туристік салалардың, Алматы қаласы мен облысы және Жетісу облыстары мемлекеттік орган өкілдерінің басқосуында жан-жақты талқыланып, мәмілеге келген. Алматы қалалық ҰКП төрағасы Әуез Тайымбетовтің айтуынша, өңірлердің туристік салаларында туындаған бірқатар мәселелер үкіметтік деңгейде ғана шешімін табады. Міне, осы мәселелер енді шешімін тауып келе жатқандай.

«Біздің бастаманы мемлекеттік органдар, ұлттық парк жетекшілері мен үш өңір қауымдастығы қолдап отырғаны қуантады», – дейді Ә.Тайымбетов. 

Қалалық ҰКП төрағасы Алматы агломерациясын облыстың бес өңірі – Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Іле, Қарасай мен Талғар аудандары, сондай-ақ Қапшағай қаласының аумақтық бөлігі мен болашақтың қаласы Gate City (G4 city)  құрайтынын еске салады. Бұл төңірек – 1,5 сағаттық көлікпен жетуге болатын жер, әрі 110 шақырымнан аспайтын магистральдық жол қатынасының маңы немесе Алматыдан 75 шақырымға дейінгі өзге аумақтар.

Осы кезгі аталған мемлекеттік тізілім (реестр) мәліметіне сүйенсек, елімізде жұмыс істеуге рұқсаты бар 380 туроператор бар. Олардың ішіндегі 34 туроператор ғана елімізден сыртқа шығып жұмыс істейді, қалғаны ішкі және сырттан келген туристерге қызмет көрсетуді жүзеге асырады. Бұрынырақта мемлекеттік тізілімде қағаз бен электрондық форматтағы 1240 туроператор санатта тұрды. Солардың көбі қызметін тоқтатса да, тізілімде қала берген. Бүгінгі заңдылыққа сәйкес келмейтін құжаттық әрекет лицензия иелерінің, сондай-ақ жергілікті атқару органдардың араласуымен тоқтатылды.

Палата төрағаларының мәлімдеуінше, былтыр Алматыға 1 800 000 турист келген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда, 48%-ға артқандықты білдіреді. Соның ішінде, шетелдіктер – 417 353 кісі (бұл 2,5% артқан). Көрсетілген қызмет көлемі орналастырылуына орай, 56,1 млрд теңге құраған.

Қазақстан туристік қауымдастығының төрайымы Рашида Шайкенова туризм бағыты әр алуан, солардың әрбірін бөлек қарастыру қажет деп мәлімдеді. «Туризм сегменті өте көп. Бұл саладағы мәселе мен проблема бір-бірінен өзгешелеу. Мәселен, қоғамдық тамақтандыру, экологиялық туризм, ұлттық паркпен жұмыс дегендей... Сондықтан кеңес кезінде комитеттермен дұрыс шешім қабылдап, жұмысты бөлісіп атқаруға болады. Мұның өзі ішкі мәселелерді шешуге, өзекті мәселелерді анықтауға мүмкіндік береді», – дейді Р.Шайкенова.

Жиынға қатысушылар сөзіне сүйенсек, саладағы белсенділердің басым бөлігі Алматы қаласында екен. Ал олардың қызметі жаңа өңірлермен тығыз өзара қарым-қатынаста іске асады. Kaz Aipine Ciub қауымдастығының төрағасы Талғат Дүйсенғалиев қатысушыларға қауымдастық мүшелерінің жобасын жүзеге асыру үшін бірқатар нақты ұсыныстар барын жайып салды. Клуб атынан сөйлеген ол кеңес құрамына кәсіби альпинистер, ЖОО туризм кафедрасы ғалымдары, туризм саласы ардагерлері мен экотуризм өкілдері кандидатураларын қосуды ұсынды.

Тақырыпқа орай

Қаракөз СҮЛЕЙМЕНОВА,  әнші, тележүргізуші: Туризмнен түскен табыс – 16 миллион доллар

Осы күні қазақ-қытай арасындағы бір айлық визасыз қарым-қатынастың туризмге елеулі ықпал етіп отырғанын айтпай кетуге болмас. Бәзбіреулер мұны түсінгісі келмей, байбаламға басып жүр. Мұндай барыс-келістің елімізге  пайдасы болмаса, залалы тимейді. Визасыз тәртіп басталғалы бері елге ағылған қытай туристері мемлекет бюджетіне айтарлықтай қаражат түсіріпті. Мәселен, биылғы тек қана үш айдың өзінде, яғни қаңтар-наурыз айлары аралығында Қазақстанда Қытайдан келген 8 мыңнан астам турист тіркеліпті. Ал былтыр елімізге келген қытайлық туристерден түскен табыс 16 млн долларға жеткен.

 

Асығат ӘЛЕУМЕТ,  қала тұрғыны: Экотуризмнің үлесі мол

Әлемнің талай жерін араласам да, Алматыдай тау баурайында самалмен желпінген, көркем қаланы көргем жоқ. Тау етегіндегі қалалар көп болды. Бірақ Алатауы асқақтаған, Медеуімен, Шымбұлағымен мәртебелі елдімекенді төрткіл дүниеден таппадым.

Бұл менің бір кездері аңқыған алмасы бал шырынды қалаға деген махаббатым болар, бәлкім. Заманында салмағы 1 келіге жуықтаған, бренд саналған апортымен мәлім болған Алматыны туризммен танымал ету – біздің борышымыз. Ал бұл шаһарды танымал етуде экотуризмнің сүбелі үлес қосары сөзсіз.