Е. Бабақұмаров «Жас маман» жобасы аясында колледждерді жаңғырту барысымен танысты

Е. Бабақұмаров «Жас маман» жобасы аясында колледждерді жаңғырту барысымен танысты
Cурет: Алматы әкімдігі

Ержан Бабақұмаров Дуалды оқытуды енгізу бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды

Ержан Бабақұмаров сұранысқа ие мамандықтар бойынша білікті кадрлар даярлау үшін колледждердің жабдықталуымен танысты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров Білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаевамен бірге Энергетика және электрондық технологиялар колледжі мен көпсалалы колледжіне барып, қаладағы «Жас маман» жобасының іске асырылу барысымен танысып, материалдық-техникалық жарақтандырылуын көрді.

«Жас маман» жобасы қазіргі заманғы жабдықтармен жарақтандыру арқылы колледждерді жаңғыртуға бағытталған, ол жас мамандардың неғұрлым сұранысқа ие кәсіптер бойынша дағдыларын қалыптастыруға бағытталған. Алматыда оқу-материалдық базаны нығайтуда мемлекеттік қолдау шараларымен жоба шеңберінде 18 колледж қамтылды, оған жоғары технологиялық инновациялық жабдықтар, техника мен компьютерлер сатып алынды. Мәселен, 2021-2022 жылдары осы жоба шеңберінде кадрлар даярлауға мемлекеттік тапсырыс 11 405 орынға, оның ішінде «Еңбек» бағдарламасы бойынша 2500 орынға 48 колледжде орналастырылды. Өткен жылы 11 219 орын бөлінді. Айта кетсек, оқыту тегін және таңдалған мамандыққа байланысты 2-3 жылға созылады.

Сапар барысында жобалау, құрастыру, жүйелерді іске қосу және қызмет көрсетуге дейінгі толық тізбекті іске асыру үшін интерактивті жабдықпен жабдықталған оқу-өндірістік шеберханалар, оқу сабақтарының аудиториялары қаралды. Энергетика және электрондық технологиялар колледжінде әкім орынбасары жаңартылатын энергия көздері, электр жабдықтары саласындағы зертханаларда, күн панельдерін құрастыру цехында болды. Сондай-ақ, білім алушылардың салауатты өмір салтын қалыптастыруға арналған орындарды да аралады. Мысалы, колледжде жабдықталған спорт кешені бар: волейбол, баскетбол алаңдары, футбол алаңы, теннис залы, бокс залы, workout аймағы.

Қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров оқу уақытының 40%-на дейін оқушылар кәсіпорындарда өткізетін дуальды оқытудың жаңа зертханалары мен өндірістік сыныптарының базасында дамыту бойынша міндеттерді белгіледі. Осы мақсатта бизнес-қоғамдастықпен ынтымақтастық бойынша жұмысты күшейту, оның ішінде түлектерді одан әрі жұмысқа орналастыруды қамтамасыз ету тапсырылды. Колледждерді жаңғырту және республикалық және халықаралық деңгейлерде талап етілетін білікті мамандарды даярлаудың халықаралық тәжірибесін енгізу, жекелеген мамандықтар бойынша құзыреттілік орталықтарын ұйымдастыру, сондай-ақ WorldSkills чемпионаттарына қатысушыларды дайындау бойынша бірқатар тапсырма берілді.